Тәуелсіздік жылдарында елімізде нәрестелер өлімі 7,5 есеге төмендеді - Денсаулық сақтау министрлігі
Қазақстанда балалар денсаулығын сақтау жүйесін жүйелі түрде дамыту жалғасуда. Бұл жүйе аурулардың алдын алуға, оларды ерте анықтауға және баланы өмірінің алғашқы күндерінен бастап медициналық сүйемелдеуге бағытталған, деп хабарлайды Elordainfo.kz Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап.
Жүйені одан әрі дамыту 2026–2030 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы мен «Бастау-2030» жоспары шеңберінде жүзеге асырылуда.
Бүгінде елімізде баланың денсаулығын үздіксіз қолдаудың бірыңғай моделі іске асырылуда. Ол перинаталдық кезеңнен бастап 17 жасқа дейінгі аралықты қамтиды. Бұл тәсіл медициналық бақылаудың сабақтастығын қамтамасыз етуді, профилактикалық медицинаны дамытуды, мектеп медицинасын күшейтуді және ерте араласу жүйесін кеңейтуді көздейді.
Сонымен қатар балалар денсаулығын сақтау жүйесі кезең-кезеңімен нығайтылуда. Соңғы жылдары балаларға көрсетілетін медициналық көмекті қаржыландыру көлемі екі еседен астам ұлғайып, 264 млрд теңгеден 585 млрд теңгеге жетті. Қазіргі таңда денсаулық сақтау жүйесі шығыстарының шамамен төрттен бірі балалар денсаулығын сақтауға бағытталған.
Жүргізіліп жатқан жүйелі жұмыстардың нәтижесінде тәуелсіздік жылдарының ішінде Қазақстанда нәрестелер өлімі 7,5 есеге төмендеді.
Елімізде балаларға медициналық көмек көрсетудің көпдеңгейлі жүйесі қалыптасқан. Оған емханалар, көпбейінді балалар ауруханалары, перинаталдық орталықтар және мамандандырылған медициналық ұйымдар кіреді.
Негізгі бағыттардың бірі – профилактикалық көмекті дамыту және даму бұзылыстарын ерте анықтау. Қазақстанда баланы туғаннан бастап ерте жас кезеңіне дейін сүйемелдеуге бағытталған «Алғашқы 1001 күн» жобасы енгізілуде. Жоба патронаждық қызметті дамытуды, скринингтік бағдарламаларды кеңейтуді, ана сүтімен қоректендіруді қолдауды және ерте шақтағы балалардың ұлттық тізілімін қалыптастыруды қамтиды.
2025 жылдан бастап елімізде балалардың даму мониторингі бойынша Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының GMCD нұсқаулығы енгізілуде. Бұл құрал балалардағы даму кідірісінің қауіп-қатерлерін клиникаға дейінгі кезеңде анықтауға мүмкіндік береді.
Медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымдарының базасында ерте араласу орталықтары мен даму орталықтарын дамыту жалғасуда. Соңғы бір жылдың ішінде Қазақстанда дамуында ерекшеліктері бар балаларды ерте диагностикалау және сүйемелдеуге бағытталған 386-дан астам осындай орталық құрылды.
Медициналық оңалтуды дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Бүгінде Қазақстанда балаларға арналған 81 медициналық оңалту орталығы жұмыс істейді. Онда жүздеген мың кішкентай пациент түрлі оңалту көмегін алады. Жаңа оңалту орталықтарын ашу және даму бұзылыстарын дер кезінде анықтап, қажетті көмек көрсетуге мүмкіндік беретін ерте араласу қызметтерін дамыту жалғасуда.
Сонымен қатар мектеп медицинасы да дамып келеді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының «Денсаулықты нығайтуға ықпал ететін мектептер» бастамасы шеңберінде 1677 мектеп қамтылған. Балалар мен жасөспірімдерді профилактикалық тексеру тәсілдері жаңартылуда, орта медициналық персоналдың рөлі күшейтілуде, мектептердің медициналық кабинеттері заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілуде.
Балаларға жоғары технологиялық медициналық көмек көрсетуді дамыту маңызды бағыт болып қала береді. Жыл сайын туа біткен даму кемістіктері бар шамамен 1,5 мың нәрестеге операция жасалады, ал 2 мыңға жуық бала ашық жүрекке жасалатын күрделі операциялардан өтеді.
«Қазақстан балалары» тұжырымдамасы шеңберінде 10 көпбейінді балалар стационарын салу, 11 өңірде балаларға арналған оңалту орталықтарын құру, өңіраралық кардиохирургиялық орталықтарды дамыту және балалар медицинасының инфрақұрылымын одан әрі жаңғырту көзделген.
Қабылданып жатқан кешенді шаралар нәрестелер мен балалар өлімін төмендетуге, медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға және Қазақстанда балалар денсаулығын сақтаудың заманауи профилактикалық моделін қалыптастыруға бағытталған.
Еске салайық, бұған дейін соңғы бес жылда елімізде ана өлімі 35 пайызға төмендегені туралы жаздық.