Кітап оқып, велосипед ұтып алуға болады: Астанада жаңа марафон басталды

Бүгін, 17:36
Думан Аманжол Думан Аманжол
Кітап оқып, велосипед ұтып алуға болады: Астанада жаңа марафон басталды
Фото: Астана қаласының әкімдігі

Астанада кітап оқуды әдетке айналдырып, оқушылар мен педагогтерді ортақ мақсатқа біріктіретін «Кітап оқитын ұлт» марафоны басталды, деп хабарлайды Elordainfo.kz елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

«Зерделі ұлт» жобасы аясында ұйымдастырылған бастаманың алғашқы шарасы Астана қаласы әкімдігінің №104 жалпы білім беретін мектебінде өтті.

Кітап – ұлттың рухани қазынасы. Ал кітап оқу – білімді, ой-өрісі кең, ізденімпаз ұрпақ қалыптастырудың маңызды негізі. Осы мақсатта қолға алынған марафон оқушылар мен педагогтер арасында тұрақты оқу мәдениетін қалыптастыруға бағытталған.

Марафонға 6-10 сынып оқушылары мен педагогтер «Кітап оқитын мектеп» және «Кітап оқитын педагог» бағыттары бойынша қатысады.

«Жоба 6 айға жоспарланған. Осы уақыт ішінде қатысушылар 15 кітап оқып, білім мен шығармашылықты ұштастыратын 4 кезеңнен өтеді. Марафон аясында 15 топ құрылып, әр топқа 3 оқушы мен 3 педагогтен біріктіріледі.
Қатысушылар үшін басты талап – кітапты оқып қана қою емес, оның мазмұнын терең түсініп, негізгі ойларын саралай білу. Әр шығарма бойынша қатысушылар «5 түйінді ой» әзірлеп, оқыған кітаптарын буктрейлер, инфографика, дебат және басқа да шығармашылық форматтар арқылы 5-7 минуттық таныстырылым түрінде ұсынады», - делінген хабарламада.

Сонымен қатар әр топ оқылған шығарма негізінде 3 түйткілді сұрақ әзірлеп, кітаптағы идеялардың күнделікті өмірде және педагогикалық тәжірибеде қолданылу жолдарын көрсетеді.

Марафонның тағы бір ерекшелігі – үздік оқырмандарды ынталандыруға бағытталған жүлделер. Жоба қорытындысы бойынша ең белсенді қатысушылардың арасынан 5 велосипед иегері анықталады: 4 велосипед оқушыларға, 1 велосипед педагогке табысталады.

Яғни марафонға қатысушылар үшін кітап оқу – жаңа білім мен әсер ғана емес, шығармашылық қабілетін сынап, өз ойын еркін жеткізуге және үздіктер қатарынан көрінуге мүмкіндік.

«Кітап оқитын ұлт» марафоны ұстаз бен шәкіртті ортақ мақсатқа біріктіріп, кітапты оқу мен өмірлік тәжірибені сабақтастыратын тағылымды жобаға айналмақ.

Еске салсақ, Астанада «Кітап оқитын ұлт» республикалық кітап оқу марафонына қатысушыларды тіркеу басталғанын жаздық.