Ұстаздар отбасы: Роза Халесованың 44 жылдық жолы (сұхбат)

Ұстаздар отбасы: Роза Халесованың 44 жылдық жолы (сұхбат)
Фото: Роза Ғарифоллақызының отбасылық мұрағатынан

Ұстаздық жолын 1977 жылы бастаған Роза Халесова 44 жыл ғұмырын бала тәрбиесі мен білім беруге арнады. Осы жылдар ішінде ол талай шәкіртінің өмірден өз орнын табуына ықпал етті. Бүгінде елге белгілі тележүргізуші Мейіржан Әлібекұлы – ардагер ұстаздың туған ұлы.

Ұстаздар күніне орай Elordainfo.kz тілшісі ұлағатты ұстаз, Қазақстан Республикасының білім беру ісінің үздігі Роза Халесовамен ұстаздық жолы, шәкірттері, мектептегі жылдары және бүгінгі білім саласы туралы әңгімелесті.

«Ұстаз болсаң, қор болмайсың. Олар адамды тәрбиелейді»

Нұрдәулет Кәкіш: Роза Ғарифоллақызы, кәсіби мерекеңіз құтты болсын! Ұстаздық мамандықты таңдауыңызға не себеп болды? Бала кезіңізден мұғалім болуды армандадыңыз ба? Өзіңізге үлгі болған, ұстаздыққа деген көзқарасыңызды қалыптастырған педагогтер болды ма?

Роза Халесова: Рақмет! Өлшеусіз еңбекті өмірлеріне азық еткен ұстаздарды, әріптестерімді төл мерекелерімен құттықтаймын!

Иә, ұстаздық – ешқашан ескірмейтін, қажеттілігін жоймайтын, жауапкершілігі зор мамандық. Ал осы мамандықты таңдауыма сыншыл әкемнің: «Қызым, табиғатыңа ұстаздық жарасады. Ұстаз болсаң, қор болмайсың. Өйткені олар адамды тәрбиелейді», – деген сөзі себеп болса керек.

Роза Ғарифоллақызының оқушы кезі

Екіншіден, мектеп қабырғасынан әдебиетке, кітап оқуға деген қызығушылығым және қоғамдық жұмыстарға белсенді араласуым мені ұстаздық мамандыққа алып келді. Сөйтіп, бала күнгі арманым орындалды.

Роза Ғарифоллақызының оқушы кезі (сынып жетекшісі Дариға Дауылбаеваның сабағында)

Әрине, сынып жетекшім Дариға апайдың, әдебиетші ұстаздар Өтеп ағай, Ұлыш апайлардың да ықпалы болғаны сөзсіз.

1973 жыл. Сыныптастарымен. Соңғы қоңырау кеші.
Орал педагогикалық институтындағы курстастарымен. Арасында жазушы-драматург Рахымжан Отарбаев бар. 1973–1977 жылдар.
1975 жыл. Орал педагогикалық институтындағы алғашқы педагогикалық практика. Курстастарымен және 8-сынып оқушыларымен бірге.

«Әр шәкірттің кеудесіне сенім отын жағуды парыз санадым»

Нұрдәулет Кәкіш: Мектептегі алғашқы жұмыс күніңіз есіңізде ме? Алғаш рет сыныпқа кіргенде қандай сезімде болдыңыз? Сол кездегі жас ұстаз бен бүгінгі тәжірибелі педагогтің арасында қандай айырмашылық бар?

Роза Халесова: Мектептегі алғашқы жұмыс күнім – 1977 жылдың 1 қыркүйегі. Алдымда алғашқы сыныбым – 1967 жылғы шәкірттер, бесінші сынып оқушылары. Олармен бірден тіл табысып кеттік, әлі күнге дейін байланысымыз үзілген жоқ.

Роза Ғарифоллақызы алғашқы оқушыларымен (6-сынып, 1978 жыл)

10-сыныптарға тіл-әдебиеттен сабақ бердім. Жас мұғалім болсам да, тәжірибелі ұстаздар сенім артып, мектеп бітіретін түлектермен түсінісе білдік. Бұл маған үлкен жауапкершілік жүктеді. Сондықтан да қысылғанымды сездірмей, әр шәкірттің кеудесіне сенім отын жағып, әдебиет әлеміне жетелеуді өзімнің парызым деп санадым. Сол кезден аянбай еңбек еттім.

1977 жыл. Жас маман Роза Халесоваға жоғары сыныптарды сеніп тапсырған ұстазы Ұлыш Сапарғалиева іс-тәжірибесімен бөлісуде.
Роза Ғарифоллақызы «Сөз өнері» үйірмесінің мүшелерімен (9-сынып оқушылары) бірге 5-сынып оқушысы Лида Таровскаяның өлеңін талқылап отыр.
1977 жыл. Атыраудағы еңбек жолының алғашқы жылдары. Жас әріптестерімен бірге.

Сол кездерде айтысқа да қатысыппын. Бұл – 1980 жылдар. 

Сөйтіп, жоғары оқу орнын жаңа бітірген жас маманнан өз еңбегінің өлшемін өмірде еселеген, шәкірттері жоғары оқу орындарындағы мемлекеттік грантты еншілеп, ұстаз жолын жалғастырған білікті педагогке айналдым. 

1990 жыл. Жәнібек ауданында әдістемелік десант құрамында қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімдеріне есеп беру сәті.

Нұрдәулет Кәкіш: Ұстаздық жолыңызда сізді ерекше қуантқан немесе толқытқан, жылдар өтсе де ұмытылмайтын оқиға болды ма? Шәкірттеріңіздің қандай әрекеті сізге мамандығыңыздың қадірін терең сезіндірді? 

Роза Халесова: Ұстаздық жолымда ерекше қуантып, толқытқан жайлар болды, әрине. Бірде аудан мектептеріне әдебиеттен екі сабақ беретін болдым. Бірі Мұқағали, екіншісі Махамбет тақырыбына арналды.

Сабаққа арналған көрнекіліктерімді әзірлеп отырғанда тереңдете оқытатын 8-сыныбымнан екі оқушым Мейрам мен Мейіржан келе қалды. Олар менің басқа мектепке сабақ беретінімді естігенде Мейрам деген оқушым Махамбеттің термесін айта жөнелді. Сонда мен: «Неге оларды өзіммен бірге ала бармаймын?» – деп ойладым. Сөйтіп, шәкірттерім екі сабағымның сәтті өтуіне себеп болды. Олардың бұл әрекеті мамандығымның қадірін сездірді. Олар сабақтан тыс жерде өлең оқуға, ұзақ поэмаларды жаттауға, қойылымдар шығаруға төселе бастады. Осы мені қатты толқытты. Олардың осындай қадамы ерекше қуантты. 

Тереңдетілген сыныбымда басқа пәннен орташа оқығанмен, менің сабағымнан жақсы баға алатын, ақындардың өлеңдерін домбыра, гитара, «ямахамен» орындап беретін ерекше оқушым болды. Ол – бүгінде елге белгілі «Заман» тобының әншісі Ерген Айтымбетов еді. 

Роза Халесова жұбайы Әлібек Әбуұлымен және өнер жолын таңдаған шәкірті, «Заман» тобының әншісі Ерген Айымбетовпен бірге.

Алдымнан осындай талай шәкірт өтті. Оның бәрін тізіп отыруға келмес. Бірақ көңілімді ерекше толқытқан бір шәкіртімді айта кеткім келеді. Ол – жоғарыда айтқан 8-сыныпта оқып жүрген кезінде Махамбеттің термесін орындаған Мейрам Исатаев.

Мейрам көркем сөз оқитын, домбырамен терме орындайтын. Мектепті де үздік бітірді. Кейін өзі оқыған Махамбет Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің деканы болды. Ректорлық дәрежеге де жететін мүмкіндігі бар еді.

Әттең, тағдыр-ай... Өмірден құйрықты жұлдыздай жарқ етіп, тым ерте өтіп кетті.

Осындай шәкірттерімді ойласам, көңілім толқиды. Мейрам да менің жүрегімде ерекше орын алған шәкірттерімнің бірі еді. Сондықтан осы шәкіртімді айта кеткім келді.

Роза Халесованың шәкірті, Махамбет Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің бұрынғы деканы Мейрам Исатаев (1984–2019).

«Әр баланың бойында бір мүмкіндік бар»

Нұрдәулет Кәкіш: Әр баланың мінезі мен қабілеті әртүрлі. Тұйық, сабаққа қызықпайтын немесе тәртіпке бағынуы қиын оқушылармен қалай тіл табысатын едіңіз? Осындай балалардың бойындағы қабілетті ашуға көмектескен өз әдісіңіз болды ма?

Роза Халесова: Дұрыс айтасыз, әр баланың мінезі мен қабілеті әртүрлі. Бұл жерде шәкіртке мұғалімнің қолдауы мен сенімі қажет-ақ. Бір кездері мен:

«Әріптестер, бала оқыту қиын-ақ!

Талабыңа қандай бала бұйырад(ы)?

Біреу жүрсе, бір тентегін тыя алмай,

Отырғаның жүз баладан жиып ап», – деп өлеңіме де қосқан едім.

Әртүрлі бала – әртүрлі мінез. Бірақ жұмыс істеуіміз керек. Сабаққа қызықпайтын, тәртіпке бағынбайтын оқушылармен тіл табысып, сөйлесіп, сенім артып, мейіріммен жол көрсету керек. Сонда бала сенім артқан ұстазға үмітпен қарайды деп ойлаймын. Өзім солай істедім де.

Астанадағы №56 мектеп-лицейде оқушыларға сабақ беру сәті.

Олардың жәудіреген көздерін көргенде «мен қалай да онымен дұрыс бағытта жұмыс істеуім керек» деп өзіме талап қойдым. Мұндай оқушы болды да. Сабаққа қатыспай, дәлізде жүретін, бірақ өзім сабақ бермейтін, Елеусіз Абай деген оқушымен жұмыс істедім. Мұны Астанадағы №56 мектептегі әріптестерімнің көпшілігі білетін.

Ол 7-8-сыныпқа келгенде бірте-бірте хакім Абайдың 150 өлеңін жаттады. Сөйтіп, оны 8-сыныпта қалалық Абай оқуына қатыстырдым. Үшінші орынға қол жеткізді. Сол кезде таңданбаған адам кемде-кем еді. Кейін 9-сыныпты бітіріп, колледжге оқуға түсіп кетті. Колледж қабырғасында да ол байқауларға қатысып жүрді. Кейін әскерден келген соң оны бір сауда орнында күзет қызметінде тұрғанын көріп, таңғалдым. Оны бірден танымадым. Ол мені өзі танып, келіп амандасты. Баяғы Абайым екен. Сонда мені сондай қуанышты сезім биледі. Ол үмітімді ақтаған оқушым еді.

Жалпы менің ұстанымым – шәкіртті бағамен емес, оқушы бойындағы ерекшелігін зерттеп барып бағалау.

«Шәкірттеріміздің алғысы – Үкіметтің марапатынан да қымбат»

Нұрдәулет Кәкіш: Ұстаз үшін шәкіртінің қандай сөзі ең қымбат деп ойлайсыз?

Роза Халесова: Мен үшін шәкірттерімнің «Ұстазымызға мың алғыс» деген сөзі – қымбат. Осы сөзді естіп келеміз, әрі қарай да естиміз деп ойлаймын.

1984 жылғы түлектеріміз осындай алғыс айтып, төсбелгі ұсынған болатын. Төсбелгіде «Ұстазымызға мың алғыс» деген сөз жазылған екен. Бұл – ұстаз үшін үлкен баға, зор құрмет. Шәкірттеріміздің алғысы – Үкіметтің марапатынан да қымбат.

Атыраудағы алғашқы шәкірттерінің бірі Нұрболат Есқалиевтің ұстазы Роза Халесова мен сыныптастарына арнаған портреті.

«Бұрын ата-ана мұғаліммен бірге болатын»

Нұрдәулет Кәкіш: Ұстаздық жолыңыздың басындағы мектеп пен бүгінгі мектептің айырмасы қандай? Оқушылардың мінезі, ата-аналардың мұғалімге көзқарасы және ұстазға қойылатын талаптар қалай өзгерді?

Роза Халесова: Біз кеңес дәуірінде еңбек жолымызды бастадық. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап еңбек еттік. Бүгінгі білім саласындағы жаңалықтарды да қабылдадық. Бірақ әр кезеңде де өз мамандығымызға адал болдық. Қазіргі кезбен салыстырғанда ұстаздық мамандықтың қиын тұстары көп болды. Көрнекіліктерді, бағдарламаны, жоспарды өзіміз әзірледік. Оқушыларды ой-толғауға, мақала, ғылыми жоба жазуға үйреттік.

Роза Халесова оқушыларын теледидардың экранын алып тастап, оның арғы жағынан жаңалық жүргізуге жаттықтырып, сөйлеу шеберлігіне баулыған.

Кезінде тереңдетілген сыныбымдағы шәкірттерімді көк жәшіктің ар жағынан сөйлеуге, теледидар тіліне, жүргізушілікке де әзірлеген кезім болды.

Ал қазір ше? Қазір мектепте ұстазға бәрі бар, жайлы мектеп, барлық мүмкіндік жасалған.

Алайда бұрынғы шәкірттердей емес, қазір әдебиет оқымайтын, қазақтың әсем әнін тыңдамайтын, тілін менсінбейтін, дайын асқа тік қасық болатын ұрпақты да байқап жүрміз. Қатыгездік көбейіп кетті. Бұған компьютерлік ойындар, түрлі жарнама, шетелдік әуендер себеп болды ма деп ойлаймын.

Ата-аналар өз балаларын бақылап, мұғалімге емес, өздеріне талап қоюлары керек. Бұрын ата-ана бізбен бірге болатын. Іс-шараларымызға қатысатын. Өздері отбасы туралы шағын қойылымдар қойып, өнер көрсететін. Мұны «үштік одақ» дейтінбіз. Ұстаз – ата-ана – бала. Бұл үлкен нәтиже де беретін.

1994 жыл. Ұзынкөл орта мектебінің директоры Роза Халесова химия пәні мұғалімі Клара Темешқызымен семинарға дайындық барысын талқылауда.

Нұрдәулет Кәкіш: Қазір ұстаздың қоғамдағы беделі туралы жиі айтылады. Нағыз ұстаздың беделі неден қалыптасады және оны сақтау үшін не қажет деп ойлайсыз?

Роза Халесова: Ұстаз қауымы үшін бедел ең жоғары орында тұруы керек. Өз ісіне беріле кірісуі керек. Оқушыларға жеке басымен үлгі болу, білімді болу, сөздік қоры мен ойлау қабілетінің мол болуы ұстаз үшін маңызды.

Шәкіртін бес саусақтай білетін, ұстамды ұстаз беделге ие болады. Нағыз ұстаздың беделі туралы айтар болсам, «Мұғалім ойлау заңына жетік болса ғана оқытуды дұрыс жүргізіп, шәкірттері білімді, ойшыл болып шығады» деген Жүсіпбек Аймауытовтың сөзімен жауап берер едім. Яғни шәкірт пен мұғалім арасында байланыс болуы керек. Мұғалім өз ісін жетік білсе ғана беделге ие болады.

«Қазіргі балаға біліммен қатар мейірім де қажет»

Нұрдәулет Кәкіш: Қазіргі балалар ақпаратты интернеттен, әлеуметтік желіден және жасанды интеллект құралдарынан да алады. Осындай заманда мұғалімнің басты міндеті қандай болуы керек? Ал жас мамандардың ұстаздық жолда кездесетін қиындықтарды еңсеріп, кәсібіне адал болып қалуы үшін қандай қасиеттер қажет?

Роза Халесова: Ол рас. Қазір балалар ақпаратты интернеттен, әлеуметтік желіден алады. Сондықтан мұғалім өз орнының биік екенін дәлелдеуі керек. Өзі де көп білуі керек. Заманауи ұстаз білімді, талапшыл болуымен қатар, шәкірттерін білімнің, тәрбиенің қажеттілігін түсінуге жетелей білуі тиіс. Ұстаз қиындықты жеңу үшін өз кәсібін сүйіп, мектепке шынайы көңілмен келуі, әр шәкіртке мейіріммен қарауы қажет.

Қазіргі балаға қолдау, мейірім қажет. Ата-анасы жұмыста, балалар бос. Олардың үйде де, түзде де уақыттары бар. Сондықтан оларға академиялық білім ғана емес, тәрбие де қоса берілуі керек.

Нұрдәулет Кәкіш: Ұстаздың жұмысы сабақпен ғана аяқталмайды. Оқушының тағдыры, ата-анамен байланыс, қағазбастылық сияқты түрлі міндет бар. Ұзақ жылдық еңбек жолыңызда күш-қуатты қайдан алдыңыз? Қиын сәттерде мамандыққа деген сүйіспеншілігіңізді не сақтап қалды?

Роза Халесова: Бір үйде екі мұғалімбіз. Жұбайым Әлібек Әбуұлы тарих пәні мұғалімі, 26 жасынан мектеп директоры болған.

1983 жыл. Роза Халесова жұбайы Әлібек Әбуұлымен. Отбасын құрып, Атырау облысынан Батыс Қазақстан облысының Жәнібек ауданына қоныс аударған кезі.

Ол жылдары ата-енемізбен бірге тұрдық. Балаларымыз ата-әжесінің жанында өсті. Мектептегі жұмысымыз қанша қауырт болса да, үйге келгенде отбасының тірлігіне араласып, үлкендердің алдындағы келіндік міндетімді де атқардым. Сабаққа дайындық, бала тәрбиесі, үйдің шаруасы – бәріне үлгеруге тырыстық.

Ата-енеміз өмірден өткенше қара шаңырақтан кеткен жоқпыз. Ол кісілерді арулап, ақтық сапарға шығарып салғаннан кейін ғана Орал қаласына қоныс аудардық. Кейін балаларымыз Астанаға орныққан соң олардың соңынан елордаға келдік.

Сол кезеңдерді қазір ойласам, оңай болмаған екен. Бірақ біз оны қиындық деп қабылдамадық. Үйдің шаруасын бітіргеннен кейін түнгі 3-4-ке дейін ертеңгі сабаққа дайындалып, сабақ жоспарын, көрнекіліктерді әзірлейтінбіз. Таңертең ештеңе болмағандай мектепке барып, сыныпқа күлімсіреп кіретінбіз.

Тамақты өлшеп берген, жалақы алмаған кездеріміз де болды. Бірақ мойымадық, ұстаз болып қалдық. Өйткені біз ұстаз болып жаратылған сияқтымыз.

Меніңше, ұстаздық – бұл табиғат дарытқан қасиет, қабілет, шәкіртпен мәңгі байланыс. Күш-қуатты сол мамандықтан, жауапкершіліктен алған шығармыз, бәлкім?.. Сол мамандығымызға деген сүйіспеншілікті де осы кәсібімізге деген адалдығымыз сақтап қалды.

Роза Халесова жұбайы Әлібек Әбуұлымен №56 мектеп-лицейдегі «Абай-Шәкәрім» клуб-мұражайында кезекті іс-шараға дайындық үстінде.

Роза Халесова: Бір кездері пән кабинетін жабдықтауды қолға алдық. Оған оқушылардың өздерін де қатыстыратынбыз. Бірге көрнекіліктер, қосымша дидактикалық материалдар әзірледік. Сол кабинетте оқушылардың жауапкершілігі де жоғары болатын. Түрлі олимпиадаларға, ғылыми жобалар мен шығарма байқауларына шәкірттерімізді осы жерден дайындап шығаратынбыз.

Алғаш тест тапсыру жүйесі енгізіле бастаған тұста болған бір оқиға есіме түсіп отыр. Бір күні ата-аналар мен оқушылар бізге: «Балаларды тарих пен әдебиеттен үйде дайындай аласыздар ма?» – деп ұсыныс айтты. Ойлана келе келістік.

Сөйтіп, кешкісін балалар біздің үйге келетін. Алдымен мал-жанның шаруасын бітіріп, балаларды тамақтандырып алатынбыз. Содан кейін мен бір бөлмеде 15 шақты баланы қазақ тілі мен әдебиетінен дайындаймын. Ал Әлекең – Әлібек Әбуұлы сырттағы сәкіде тарихтан ауызша даярлайтын. Ол өзіндегі балаларды дайындап болған соң маған жібереді, мен өзімдегілерді оған жіберемін. Осылайша, балаларды қазақ тілі мен әдебиетінен, тарихтан өз үйімізде кезектесіп дайындаған кездеріміз болды.

Ол күндер ата-аналар мен оқушылардың әлі де есінде. Қазір ауыл жаққа барсақ, кездескенде айтып, еске алып отырады.

Қазір мұғалімді кешкі бес-алтыдан кейін мазалауға болмайды деп жатады ғой. Сондайда «біз қалай еңбек еттік?» деп ойлаймын. Біз уақытпен санаспайтынбыз. Шәкірт үшін кешімізді де, уақытымызды да аяған жоқпыз. Осындай қызығы мен қиындығы қатар жүрген кездер де болды.

Нұрдәулет Кәкіш: Сіз ұстаздықпен қатар өлең де жазасыз. Ақындық қабілетіңіз педагогикалық жұмысыңызға қалай әсер етті? Ұстаз бен ақынның сөз арқылы адам жүрегіне жол табуында қандай ұқсастық бар?

Роза Халесова: Мен әдебиетші ұстазбын. Адамның ақыл таразылап, тілін кестелеп айтатын сөз өнерін меңгертуді басты мақсатым деп санадым. Сабағымды өлеңмен өріп отыруға тырыстым. Ақындардың өлеңдерін жатқа айтып, өз өлеңімді оқысам, сабағым шынайы, жанды шығатын. Шәкірттерге осы қасиеттерім арқылы да әсер етіп, жүректеріне жол тауып отырдым деп ойлаймын.

Көп шәкіртім ұстаз, ақын, журналист болып қалыптасты. Жақында Оралдағы айтыста Мұрадым Мирланов деген шәкіртім бас жүлдені иеленіп, көлік мінді.

Жалпы, ақын, сөз өнері адамды тәрбиелейді. Ұстаз ақын жырын шәкіртке жеткізу арқылы адам жүрегіне жол табады.

«Менде «менің балам» деген ой болған жоқ»

Нұрдәулет Кәкіш: Ұстаз ретінде өз балаларыңызға талап қоюда қандай ұстаным ұстандыңыз?

Роза Халесова: Иә, мен ұстаз анамын. Бірақ ұл-қызымды шәкіртімдей танып, олар да мені ұстазым деп білді. Талап бірдей қойылды. Сабақ үстінде екеуінің де гуманитарлық пәндерге деген қабілетін байқадым. Бірақ менде «менің балам» деген ой болған жоқ. Олар басқа балалармен бірге оқып, білім алды. Оларды ешкімнен бөліп-жарып дайындаған жоқпын.

Ұлы мен қызы Мейіржан мен Жаннұрдың бала кезі

Нұрдәулет Кәкіш: Балаңыз Мейіржан Әлібекұлының эфирде еркін сөйлеп, ойын ширақ әрі әсерлі жеткізуін көпшілік жақсы біледі. Оның сөзге шешендігі бала кезінен байқалды ма? Сөйлеу мәнерінде өзіңізге ұқсайтын қасиет бар ма? Үйде оның тіл тазалығына, сөз саптауына немесе ойын нақты жеткізуіне мән беріп, ақыл айтып отыратын ба едіңіз?

Роза Халесова: Қазақтың шұрайлы тілін бағалай білген журналист баламызды, әсіресе, үлкендер жағы жақсы көретінін байқайтын едім.

Мейіржан бала кезінде берген жаттауларды тез жаттап алатын, есте сақтау қабілеті жақсы болды.

Мен тереңдетілген сыныпқа сабақ бердім. Өз ұлымның қабілетін байқасам да, байқауларға, олимпиадаларға басқа шәкірттерімді апаратынмын. Бірақ бір күні Мейіржан Ұлықбек Есдәулеттің «Қара пима» поэмасын толық жатқа айтып, бәрімізді жылатып, өзін мойындатқызғаны бар. Үй тапсырмасын мектепте орындап кететін қасиеті де бар еді. Мейіржанның шам жарығымен кітап оқитын кездері де болған. 

Сөйлеуге үйреткен осы шәкіртім мектепте спортқа барып, жүргізушілікпен де айналысып жүрді.

Жалпы, әкесі де тарихшы, сөзге шебер, сөйлеу мәнері орнықты адам. Әкесіне де ұқсаған деп ойлаймын. Әрине, тіл тазалығына мән береміз.

Мейіржан мен Жаннұр

Мейіржан мен Жаннұрды бос уақытымызда өлең жаттауға, ән айтуға, сурет салуға үйрететінбіз. 

Әлібек Әбуұлы мен Роза Ғарифоллақызы және балалары Мейіржан мен Жаннұр

Нұрдәулет Кәкіш: Баланың болашағын таңдауда ата-ананың рөлі қандай болуы керек деп ойлайсыз? Өз жолын таңдауына еркіндік беру керек пе, әлде қабілетіне қарай бағыт көрсеткен дұрыс па?

Роза Халесова: Бала болашағын өзі таңдауы керек деп ойлаймын. Мейіржан «бірден журналист боламын» деді. Өлең жаттады, шығарма жазды, өзін ізденіске салды. Алдына грантқа түсемін деп мақсат қойды. Әрине, ата-ана ретінде қабілетін байқадық. Бағыты дұрыс болды, қолдадық. Арманына жетті. «Үздік журналист», «Халықтың сүйіктісі» аталымдары бойынша жеңіс тұғырынан көрінді.

Әлібек Әбуұлы мен Роза Ғарифоллақызы балаларымен

«Шіркін, қайтадан ұстаз болсам ғой...»

Нұрдәулет Кәкіш: Ұстаздық жолыңызға бүгін көз жүгірткенде өзіңіз үшін ең үлкен жетістік деп нені айтар едіңіз? Марапаттар мен атақтардан бөлек, шәкірттеріңіздің қандай жетістігі көңіліңізді ерекше толтырады? Егер бәрін қайта бастауға мүмкіндік берілсе, тағы да осы мамандықты таңдар ма едіңіз?

Роза Халесова: Ұстаздық жолымдағы үлкен жетістігім – шәкірті іздеген ұстаз болғаным және шәкірттерімнің түрлі салада еселі еңбек етіп жүргені деп айтар едім. Көңілімді толтыратыны – олардың адам, тұлға ретінде қалыптасқаны, өмірден өз орындарын тапқаны.

Қазіргі ұстаздарға жасалып жатқан мүмкіндіктер мол. Сол мүмкіндіктерге қарап, кейде «шіркін, қайтадан ұстаз болсам ғой» деп қызыға айтатыным бар.

«Тіл тағдыры – ел тағдыры» тақырыбында Тіл туралы заңның 30 жылдығына орай ғалымдардың қатысуымен өткен дөңгелек үстел.

Нұрдәулет Кәкіш: Сіз өз ұстаздарыңыздан қандай ең құнды өнеге алдыңыз және оны шәкірттеріңізге қалай жеткіздіңіз? Бүгінгі жас мұғалімдерге қандай кеңес берер едіңіз? Ал шәкірттеріңіздің есінде қандай ұстаз ретінде қалғыңыз келеді?

Роза Халесова: Өз ұстаздарымнан алған ең құнды өнегем – білімім, қоғамдық жұмыс арқылы сол кезден өмірге араласқаным, адами қасиеттерім. Және оны өз шәкірттеріме академиялық біліммен қатар адамгершілік, отансүйгіштік қасиеттерді, тәрбие жұмысын жауапкершілігім, шәкіртке деген сүйіспеншілігім арқылы жеткіздім деп ойлаймын.

Бүгінгі жас мұғалімдерге айтар кеңесім – шәкірт жүрегіне жол тауып, балаға ұғымды, жанды сабақ беру керек дер едім. Сонда әр бала алғыс айтатын болады.

Ыбырай Алтынсарин «Мұғалім – мектептің жүрегі» деп айтып кеткен. Ал мектепке шәкіртін жүрегімен сүйетін, шәкірті үшін күйетін маман ғана баруы керек деп ойлаймын. Сонда ғана дарынды да, тұлғаны да тәрбиелеп шығаруға болады.

Ал шәкірттерімнің есінде бала жанын мейіріммен емдеген, маңдайы жас ұрпақ үшін терлеген, уақытпен күндіз-түні санаспай, Ыбырай бабамыз айтқандай, мектептің жүрегі боп ерлеген ұстаз болып қалғым келеді. Өйткені мен осындай жолдан өткен ардагер ұстазбын. 

Нұрдәулет Кәкіш: Сұхбатыңызға рақмет!

Астана қаласы Білім басқармасы жанындағы Ардагерлер кеңесі ұйымдастырған ардагер ұстаз бен жас басшы арасындағы диалог-челленджде «Ең креативті бейне» аталымына ие болған сәт.

Анықтама:

Роза Ғарифоллақызы Халесова – Қазақстан Республикасының білім беру ісінің үздігі, «Ұлағатты ұстаз» және «Абай» төсбелгілерінің иегері, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің жоғары санатты мұғалімі.

1956 жылы 30 наурызда дүниеге келген. 1977 жылы А.С. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтының филология факультетін қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі мамандығы бойынша тәмамдаған.

Еңбек жолын 1977 жылы Атырау облысы Новобогат ауданындағы Амангелді орта мектебінде бастаған. Әр жылдары Ақтоғай орта мектебінде оқу ісінің меңгерушісі, Батыс Қазақстан облысы Жәнібек ауданындағы Тегісшіл және Ұзынкөл орта мектептерінде мұғалім, оқу ісінің меңгерушісі, мектеп директоры қызметтерін атқарған. 2008-2009 жылдары Орал қаласындағы білім беру жүйесінің кадрларын қайта даярлау және біліктілігін арттыру институтында «Ұстаз» журналының редакторы болды.

2009-2021 жылдары Астана қаласындағы №56 мектеп-лицейде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беріп, «Абай-Шәкәрім» клуб-мұражайын басқарды.

Роза Халесова – «Сөз сыры», «Шешендік сөздер», «Журналистика және поэзия» факультативтік бағдарламаларының авторы.

«Бейімді оқытуға дайындау мақсатындағы үздік оқу-әдістемелік кешен» байқауының жүлдегері, «Ең үздік патриоттық сабақ» конкурсының дипломанты. 2013 жылы инновациялық жобалардың республикалық фестивалінде II орын алған.

«Абай-Шәкәрім» клуб-мұражайының жетекшісі ретінде көптеген шәкіртін шығармашылық ізденіске баулыды.

«Абай шығармаларын оқыту» тақырыбындағы республикалық конференцияда.