Конькимен жүгіруден жасөспірімдер арасында 5 дүркін әлем чемпионы, ересектер арасында дебют жасаған Кристина Шумекова Қытайдағы әлем кубогының алғашқы кезеңінде-ақ күміс жүлде жеңіп алды. Осы орайда Elordainfo.kz тілшісі спортшымен хабарласып, жарыс жайлы әсерін сұрады.
- Кристина, әлем кубогының алғашқы кезеңінде күміс жүлде иеленуіңізбен құттықтаймыз! Ересектер арасындағы алғашқы жарысыңызда-ақ жүлдеге қол жеткіземін деп күттіңіз бе? Бұл нәтиже өзіңіз үшін қаншалықты күтпеген жағдай болды?
- Құттықтауыңызға көп рақмет! Шынымды айтсам, әлем кубогындағы күміс жүлде мен үшін күтпеген жағдай болды. Әрине, жарыс алдында осындай уақыт көрсеткішіне (1:15.648) қол жеткізуді мақсат еттім. Бірақ осы нәтижем екінші орын алуға жеткілікті болады деп ойламадым.
Мен 10 жұптың ішінде екінші болып жарыс жолына шықтым. Менен кейін жеке рекордтары менен жоғары, Олимпиада чемпиондары мен әлем рекордшылары өнер көрсетті. Олардың қатарында Милан Олимпиадасының чемпионы Фемке Кок (Нидерланд), әлем чемпионатының бірнеше мәрте жүлдегері Мей Хан (Қытай) сынды танымал спортшылар бар. Өз жарысымды аяқтаған соң, тікелей эфирді қосып, жаттығуды аяқтау үшін, мұз айдынынан шығып кеттім.
Трансляцияны көріп отырып, ерекше сезімге бөлендім. Көшбасшы спортшылар менің нәтижемнен аса алмай, әлі де бірінші орында тұрғанымды көргенде қатты таңғалдым. Тоғызыншы жұп жарысқа шыққан кезде, жаттықтырушым: «Аренаға қайт, бізде медаль бар!» деді. Сол сәтте ерекше қуанышқа бөленіп, аренаға қарай жүгірдім.
- Сіз бұған дейін жасөспірімдер арасында өзіңізді жақсы қырыңыздан көрсетіп үлгердіңіз. Ал ересектер арасындағы бәсекелестік деңгейі қаншалықты жоғары? Осы екі жас санатының арасында қандай басты айырмашылықтарды байқадыңыз?
- Ересектер арасындағы бәсекелестік өте жоғары. Жоғарыда айтқанымдай, мұнда тәжірибелі әрі мықты спортшылар өнер көрсетеді. Басты айырмашылығы – ересектер арасында жарыстар саны көбірек, түрлі қызықты мұз айдындарында бақ сынауға мүмкіндік бар. Мысалы, жасөспірімдер әлем кубогының үш кезеңіне қатысса, ересектер ақпан айының ортасына дейін әлем кубогының алты кезеңінде жүлдеге таласа алады. Бәсекелестік те жоғары. Жалпы ересектер спорты өте қызықты.
- Сіз 1 000 метр қашықтықта ғана емес, өзге де қашықтықта да өнер көрсетесіз. Әлем кубогының алғашқы кезеңінде алға қойған мақсатыңызды қаншалықты орындай алдыңыз? Алдағы жарыстарда нәтижені жақсарту үшін қай бағытта көбірек жұмыс істеу қажет деп ойлайсыз?
- Әлем кубогының алғашқы кезеңі мен үшін шеберлігімді шыңдап, қателігімді түзету жолындағы маңызды бастама болды. Мен жүлде алған 1 000 метрден бөлек, 1 500 метр (9-орын), 3 000 метр (В дивизионында 6-орын), командалық сайыста (7-орын) сынға түстім. Барлық қашықтықтағы өнерімді талдап, келесі жарыста нені жақсарту керектігін түсіндім. Тек соны іс жүзінде жүзеге асыру қалды.
- Бапкеріңіз күміс жүлдеңізді қалай қабылдады? Жарыстан кейін өнеріңізге қандай баға берді?
- Әрине, жаттықтырушыларым да қуанды. Бұл бәріміздің еңбегіміздің нәтижесі. Атқарған жұмысымыздың жемісін көріп жатқаныма қуаныштымын.
Жаттықтырушыммен бірге 1 000 метрдегі және өзге қашықтықтардағы нәтижелерімді талдадық. Күміс жүлде – жақсы жетістік. Дегенмен әлі де ұмтылатын мақсатымыз, жетілдіретін тұсымыз бар.
- Ересектер арасындағы халықаралық жарыста жеңіп алған алғашқы медаліңіз өзіңізге деген сенімділікті арттырған болар. Енді осы маусымда алдыңызға қандай мақсаттар қойып отырсыз?
- Иә, әлемнің үздік спортшыларымен бәсекеге түсіп, жүлделі орындарға таласа алатынымызды түсіну өзіме деген сенімділікті арттырды.
Әлем кубогының әр кезеңінде спортшылардың нәтижелері жақсара түсетінін жақсы түсінемін. Сондықтан жүлделі орыннан көріну оңай болмайды. Бәріміз де спортшы болғандықтан, соңына дейін күресеміз.
Осы маусымдағы мақсатым – әлем кубогының қалған барлық кезеңінде жүлделі орындар үшін таласу. Сондай-ақ ересектер арасындағы әлем чемпионатының медаліне неге қол созбасқа? Алда өте қызықты маусым күтіп тұр. Әрі қарай не болатынын көре жатармыз.
- Сұхбатыңызға рахмет!