Header Banner

Боксшы Ақнұр Тұрсынғали: Жасөспірімдер Олимпиадасында тарихты жаңғыртқым келді

Боксшы Ақнұр Тұрсынғали: Жасөспірімдер Олимпиадасында тарихты жаңғыртқым келді
Фото: Ұлттық олимпиада комитеті

Сенегал астанасы Дакарда өткен жасөспірімдер Олимпиадасында бокстан 57 келі салмақта өнер көрсеткен Ақнұр Тұрсынғали күміс жүлдеге ие болды. Финалдан кейін көз жасына ерік берген жас боксшы Elordainfo.kz тілшісіне берген сұхбатында шешуші жекпе-жек, Олимпиададағы әсері және алдағы жоспарлары туралы айтып берді.

- Ақнұр, Сенегалдағы жасөспірімдер Олимпиадасының күміс жүлдесі құтты болсын! Марапаттау рәсімінде күміс жүлдеге қанағаттанбай, көзіңізге жас алған сәтіңізді көпшілік жылы қабылдады. Сол сәтте қандай сезімде болдыңыз? Сіздің ойыңызша, финалда жеңіске жетуге не жетіспеді?

- Жасөспірімдер арасындағы Олимпиада ойындарында күміс жүлдеге ие болып отырмын. Финалда соңғы сәтке дейін өз жеңісіме сенімді болдым.

Көз жасқа ерік берген себебім - осы додаға келгенде, әнұранымызды шырқатып, көк туымыздың көкке желбірегенін қаладым. Сол арманның, сол мақсаттың орындалмағанынан көз жасқа амалсыздан ерік бердім.

Ақтық сында аға бапкерлердің және жеке бапкерімнің айтқан әдіс-тәсілдерін қолдандым, барымды салдым. Енді ары қарай қателіктермен жұмыс істейміз.

- Жасөспірімдер Олимпиадасының тарихына көз жүгіртсек, бұған дейін 2018 жылы Надежда Рябец қола жүлде алған еді. Енді Марал Төлепберген де үздік үштікке еніп, сіз финалға дейін жеттіңіз. Олимпиадаға аттанар алдында өзіңізге қандай мақсат қойып едіңіз? Күміс жүлдені қаншалықты жоғары бағалайсыз?

-  Олимпиада ойындарының лицензиясы жыл басында Тайланд астанасы Бангкокта сарапқа салынған еді. Оған дейін де Олимпиада ойындарына қатысқан аға-әпкелерімнің айқастарына шолу жасадым. Менің мақсатым - Олимпиада ойындарында тарихты жаңғырту еді. Бабымыз бен бағымыз қатар келіп, күміс жүлдеге ие болдым.

- Олимпиадаға қатысатын әр салмақтағы 12 боксшыны Халықаралық олимпиада комитеті анықтады ғой. Өзіңіз сол тізімге енгеніңізді алғаш білгенде, қалай қабылдадыңыз? Қарсыластарыңыздың барлығы бұрыннан таныс болды ма? Кімді басты қарсылас санадыңыз?

- Мамыр айында Халықаралық олимпиада комитеті әр салмақта сынға түсетін мемлекеттерді атады. Бірақ соңғы сәтке дейін қай боксшы қарсылас болатынын білмедік. Бапкеріміз арқылы біз алтын жүлдеге таласуы мүмкін қарсылас ретінде Евангелина Петрукты (Украина) санадық. Өйткені ол лицензиялық турнирде финалға дейін жеткен. Ал мен онымен осы жолы жартылай финалда айқасып, басым түстім. Ал Олимпиада чемпионы атанған Сара Кампос (Бразилия) өткен айда ғана Будвадағы U19 әлем чемпионатында 60 келіде жұдырықтасыпты. Біз үшін жаңа қарсылас саналды. Себебі, ол көктемде Бангкокқа бармаған еді.

- Африка құрлығына алғаш рет аяқ басып отырсыздар ғой. Дакар қаласы сізге қандай әсер қалдырды? Жергілікті климатқа бірден бейімделе алдыңыздар ма?

- Африка құрлығына алғаш рет аяқ басуым. Климатқа үйренісу үшін, біз жарысқа үш күн бұрын келдік. Тез бейімделіп кеттік. Олимпиада ойындары алдында біз Черногория мемлекетінде болған едік. Ол жақ пен Дакардың уақыт айырмашылығы бір сағат қана болды. Қиындық ретінде өзімнің салмағымның түсіп кетуін айтуыма болады.

- Сіз бұған дейін де көптеген халықаралық жарыстарға қатыстыңыз. Ал жасөспірімдер Олимпиадасының атмосферасы басқа жарыстардан несімен ерекшеленді? Олимпиада ауылындағы өмірден қандай әсер алдыңыз? Жаңа достар таптыңыз ба?

- Бұған дейін Әлем кубогы, Азия чемпионаты секілді үлкен додаларда бағымды сынадым. Дегенмен де жасөспірімдер арасындағы Олимпиада ойындарының атмосферасы басқа жарыстардан қарағанда сезілді. Төрт жылда бір келетін төрткүл  дүние көз тіккен дода болғандықтан, үлкен жауапкершілікпен бардық. Лицензияны үлкен еңбекпен алғандықтан, алтын жүлдеге көз тіктім. Басқа мемлекеттердің өзге спорт түріндегі өкілдерімен араласып, достасып кеттік.

- Сіз жұдырықтасатын 57 келі салмақта ел ішіндегі бәсекелестік қаншалықты жоғары? Мәселен, Будвада өткен U19 әлем чемпионатында Алина Құдайгенова финалға дейін жетіп, артынша ересектер арасындағы Қазақстан чемпионатында қола жүлде алды. Енді сіз де ересектер сапына ауысуды жоспарлап отырсыз ба?

- Ел ішінде 57 келі салмақ болсын, қай салмақ болмасын, негізінен бәсекелестік өте жоғары. Сол себепті біз өз біліктілігімізді өте жақсы дамытып жатырмыз. Бұйырса, ересектер сапына, әйелдер арасындағы жарыстарға толыққанды дайынмын деп айта аламын. Алдағы уақытта да 57 келіде әрі қарай бағымды сынаймын.

- Өзіңіз қай өңірдің тумасысыз? Неліктен дәл боксты таңдадыңыз? Бастапқыда отбасыңыз бұл таңдауыңызды қалай қабылдады? Отбасыңызда сізден басқа бокспен айналысатындар бар ма?

- Мен Абай облысы, Аягөз ауданы, Мамырсу ауылының тумасымын. Алғашқы бапкерім Мақсат Ақатаев және Санат Бөлеков ағайларымның арқасында бокстағы жолым басталды. Осы спортқа мені бірінші рет әкем апарды. Ал анам бокспен шұғылдануыма қарсы болды. Себебі, анам мені кішкентайдан ұстаз болсын деп, мұғалім болсын деп тәрбиелеген болатын. Қазір де Абай облысындағы педагогикалық колледжде ұстаздық бағытында оқып жатырмын.

- Сұхбатыңызға рахмет!