Header Banner

Астанада бокстан жастар арасында ел чемпионаты басталды

Астанада бокстан жастар арасында ел чемпионаты басталды
Фото: Қанат Байұзақов

16–22 қараша аралығында Астанада 2009–2010 жылдары туған жастар арасында бокстан ел чемпионатының үздіктері белгілі болады, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Ел додасына Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен еліміздің 17 облысынан 346 боксшы қатысады.

Олардың арасында ең көп спортшыларын қатарға қосқан ТОП-3 өңірдің тізіміне Алматы қаласы (35 спортшы), Астана қаласы (31 спортшы) және Жамбыл облысы (28 спортшы) кіреді.

Ерлер арасында 10 салмақ бойынша жүлде сарапқа салынатын бәсекеде ең көп боксшы 60 келіде (55 спортшы) тіркелді.

Бүгін ел додасының ресми салтанаты өтіп, оған Қазақстан бокс федерациясының бас хатшысы Самат Адхам, Қазақстан жастар құрамасының үйлестірушісі Қанат Ислам, Қоғаммен байланыс жөнідегі вице-президент Мерей Ақшалов және Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Азамат Ағзамов қатысты.

«Бокс – еліміздің спорт тарихында өзіндік орны бар, даңқты дәстүрі қалыптасқан спорт түрі. Қазақстандық боксшылар халықаралық ареналарда ел намысын абыроймен қорғап, толайым табыстарға қол жеткізіп келеді.
Алдағы жылы елордамызда бокстан әлем чемпионаты өтеді. Осындай дүбірлі доданы қабылдау – Астана үшін үлкен мәртебе әрі зор жауапкершілік.
Мемлекет басшысы Қазақстан боксының әлеуеті жоғары екенін, оның халықаралық деңгейде мойындалғанын атап өтіп, боксты ұлттық спорт түріне айналдыру міндетін алға қойған болатын.
Бүгінгі чемпионат жас спортшылардың шеберлігін шыңдап, тәжірибе жинақтауына және үлкен спорттағы жаңа белестерге қадам басуына мүмкіндік береді деп сенемін», - деді Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Азамат Ағзамов.

Қатысушылар арасында жасөспірімдер арасында Азия ойындарының жеңімпаздары Жұмағали Нұрмахан (55 келі), Досжан Жұмақан (65 келі),  Даниял Шалқарбай (70 келі), күміс жүлдегерлер Арман Мырсабит (50 келі), Мұхамедәлі Рүстембек (80 келі), қола жүлдегер Санжар Матасов (75 келі), U19 Азия чемпионатының қола жүлдегері Едіге Нұрғожа (60 келі), U19 әлем чемпионатының қатысушысы Амир Рамазан (75 келі) секілді танымал спортшылар бар.

Ел чемпионатының үздіктері алдағы жексенбі күні белгілі болады.