Header Banner

Көркем гимнастикадан Астана қаласының ашық чемпионаты өтіп жатыр

Көркем гимнастикадан Астана қаласының ашық чемпионаты өтіп жатыр
Фото: Оңалхан Өнерхан

Елордадағы «Думан» спорт кешенінде көркем гимнастикадан Астана қаласының ашық чемпионаты салтанатты түрде ашылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

15-17 қараша аралығында өтетін жарысқа елорданың 15 клубынан 300-ге жуық гимнасшы қатысуда.

Жарыстың алғашқы күнінде спортшылар жеке және топтық жаттығулар бойынша өз шеберліктерін ортаға салды.

«15-17 қараша аралығында ұйымдастырылып жатқан ашық чемпионатқа қаламыздағы 15 клубтан 300-ге жуық гимнасшы қатысуда.

Жарыстың басты ерекшелігі – жеке және топтық сайыстарда тек спорт шеберлігіне үміткерлер мен бірінші және екінші спорттық разряд иегерлері бақ сынайды.

Өздеріңіз білетіндей, кейінгі жылдары елордадан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионы Ақмарал Ерекешева және топтық жаттығулар бойынша Азия чемпиондары шықты. Мұндай жетістіктер көркем гимнастикаға деген қызығушылықты арттырып келеді. Біз де өз тарапымыздан спортшыларды қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуге қолдау көрсетудеміз. Мәселен, арнайы планшеттер сатып алып, спортшылардың өнерін электронды жүйе арқылы бағалауды қолға алдық. Бұл уақытты үнемдеуге мүмкіндік береді», – деді Астана қаласы гимнастикалық спорт түрлері федерациясының атқарушы директоры Олжас Тортогулов.

Чемпионаттың ашылу салтанатында жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионы, Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі Ақмарал Ерекешева көрсетілімдік бағдарламамен өнер көрсетті.

Сондай-ақ халықаралық жарыстарда ел намысын қорғап жүрген бірқатар елордалық гимнасшыға спорттық дәрежелер берілді.