1993 жылғы 15 қарашада Қазақстан өзінің ұлттық валютасы – теңгені айналымға енгізді. Бұл тарихи қадам еліміздің тәуелсіздігін нығайтуға, дербес қаржы-экономикалық жүйесін қалыптастыруға жол ашты, деп хабарлайды Elordainfo.kz ҚР Президенті жанындағы «Орталық коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.
Ұлттық валюта өткен жылдар ішінде айтарлықтай даму жолынан өтті. Бүгінде ақшаның дәстүрлі түрлерімен қатар цифрлық теңге де қолданысқа енгізілуде. Бұл қаржылық қызметтердің қолжетімділігін арттыруға, төлем жүйесін жеңілдетуге және бизнес үшін жаңа мүмкіндіктер ашуға бағытталған.
Биыл күшіне енген жаңа Конституцияда теңгенің мәртебесінің бекітілуі де ерекше маңызға ие. Осылайша, ұлттық валютамыз конституциялық мәртебеге ие болып, теңгенің Қазақстанның экономикалық тәуелсіздігін қамтамасыз етудегі айрықша рөлі айқындала түсті.
Оқи отырыңыз: Ұлттық валютаның енгізілуі елдің экономикалық дербестігіне жол ашты
Сондай-ақ 15 қараша – қаржы саласы жұмыскерлерінің кәсіби мерекесі.
Әрбір маңызды экономикалық шешімнің, мемлекеттік бағдарламаларды іске асырудың және бизнесті дамытудың артында қаржы саласы мамандарының жұмысы тұр. Қаржы ресурстарын тиімді пайдалану, экономикалық тұрақтылықты сақтау және халықтың әл-ауқатын арттыру жолында олардың кәсібилігі мен жауапкершілігі айрықша рөл атқарады. Олардың жұмысы мемлекеттік бюджетті жоспарлау мен қаражаттың жұмсалуын бақылаудан бастап банк жүйесін дамытуға және қаржы тетіктерін жетілдіруге дейінгі міндеттерді қамтиды. Олардың еңбегінің нәтижесінде әлеуметтік бастамаларды жүзеге асыруға, инвестиция тартуға және еліміздің ұзақ мерзімді дамуына берік негіз қаланады.
Қаржы жүйесінде еңбек етіп жүрген барша мамандарды кәсіби мерекелерімен құттықтаймыз!