Header Banner

Қазақстан мен Қытай арасындағы теміржол жүк тасымалы 8 пайызға артты

Қазақстан мен Қытай арасындағы теміржол жүк тасымалы 8 пайызға артты
Фото: Көлік министрлігі

Биылғы 10 айдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Қытай арасындағы жүк тасымалының көлемі 31,8 млн тоннаға жетті.  Бұл былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 8%-ға жоғары. Осы кезеңде 29,4 млн тонна жүк тасымалданған, деп хабарлайды Elordainfo.kz Көлік министрлігіне сілтеме жасап.

Министрліктің мәлімдеуінше, тасымалдың екі бағыты бойынша да оң динамика байқалады.

2026 жылғы қаңтар–қазан айлары аралығында Қытайдан Қазақстанға 12,1 млн тонна жүк жеткізілді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 9%-ға жоғары.

«Оның ішінде Достық шекаралық стансасы арқылы 5,0 млн тонна жүк тасымалданып, өсім 13%-ды құрады. Ал Алтынкөл станциясы арқылы тасымал көлемі 6%-ға артып, 7,1 млн тоннаға жетті. Кері бағытта, яғни Қазақстаннан Қытайға 19,7 млн тонна жүк жөнелтілді. Бұл 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8%-ға жоғары.

Шекаралық өткелдер бөлінісінде Достық стансасы арқылы 13,1 млн тонна жүк тасымалданып, өсім 12% болды. Ал Алтынкөл стансасы арқылы тасымал көлемі 1%-ға артып, 6,6 млн тоннаға жетті», делінген хабарламада. 

Жүк тасымалы көлемінің артуы Қазақстан мен Қытай арасындағы көлік-логистикалық байланыстарды нығайту бағытындағы жүйелі жұмыстардың нәтижесінде мүмкін болып отыр.

Еске салсақ, Қазақстан халықаралық автомобиль жүк тасымалының бірыңғай қағидасына қосылады.