2027 жылғы 11 қаңтардан бастап халықты әлеуметтік қолдау жүйесін жетілдіру, оның атаулылығын арттыру және мемлекеттік ресурстарды әділ бөлуді қамтамасыз ету мақсатында пилоттық жоба іске қосылады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап.
Жобаның негізгі мақсаты – мемлекеттік қолдауды отбасылардың нақты материалдық жағдайын ескере отырып көрсету және бюджет қаражатын, ең алдымен, мемлекет көмегіне шын мәнінде мұқтаж азаматтарға бағыттау.
Бүгінде мемлекеттік әлеуметтік қорғау жүйесі халықтың түрлі санатын қамтып, әлеуметтік төлемдер мен қолдау шараларының кең ауқымын ұсынады. Сонымен қатар жекелеген әлеуметтік көмек түрлерін тағайындаудың қолданыстағы тетіктері алушылардың нақты материалдық жағдайын әрдайым толық ескере бермейді. Сондықтан табысы жоғары әрі ауқатты отбасылар да өмірлік қиын жағдайға тап болған азаматтармен бірдей мемлекеттік қолдау алуы мүмкін.
«Пилоттық жоба аясындағы жаңа тәсілдер отбасының материалдық жағдайын бағалау нәтижесінде әл-ауқаты жоғары және ауқатты санаттарға жатқызылған отбасылар алатын 36 әлеуметтік төлемнің 12 түріне бойынша қолданылады», - делінген хабарламада.
Ұсынылып отырған өзгерістер мемлекеттің әлеуметтік міндеттемелерінен бас тартуды білдірмейтінін, керісінше, мемлекеттік қолдауды бөлу тетіктерін жетілдіруге бағытталған.
Өзгерістердің басты қағидаты – әлеуметтік көмектің жекелеген түрлерінің көлемі мен сипатын азаматтардың нақты қажеттіліктері мен отбасыларының материалдық мүмкіндіктерін ескере отырып айқындау. Мұндай тәсіл әлеуметтік саясаттың тиімділігін арттыруға, бюджет қаражатын неғұрлым әділ бөлуге және мемлекет қолдауына аса мұқтаж азаматтарға көрсетілетін көмекті күшейтуге мүмкіндік береді.
Пилоттық жобаны іске асыру барысында азаматтардың құқықтарын қорғауға, отбасылардың материалдық жағдайын объективті бағалауға және мемлекеттік қолдау шараларына қол жеткізуді негізсіз шектеуге жол бермеуге ерекше мән беріледі.
Осы мақсатта әлеуметтік төлемдерді тағайындаудың қолданыстағы тетіктеріне жан-жақты талдау жүргізу, ұсынылып отырған өзгерістердің ықтимал әлеуметтік салдарын бағалау және азаматтардың мүдделерін ескере отырып, тиісті шешімдер әзірлеу көзделген.
Аталған жұмысты үйлестіру үшін Еңбек министрлігінің базасында арнайы жобалық офис жұмыс істейді.
Еске салсақ, әлеуметтік төлемдерден бас тарту сервисін 700-ден астам қазақстандық пайдаланды.