Астана әкімі Жеңіс Қасымбек Tarlan Astana жеңіл рельсті көлік желісінің екінші кезеңіндегі құрылыс жұмыстарының барысымен танысты. Бұл туралы ол әлеуметтік желідегі парақшасында жазды деп хабарлайды Elordainfo.kz
Оның айтуынша, жоба аясында Сығанақ, Айтматов көшелері мен Тұран даңғылы бойында құрылыс жұмыстары қарқын алады. Сондай-ақ қазір қала тұрғындары тарапынан аталған көшелердегі көлік қозғалысына енгізілетін уақытша шектеулерге қатысты сауалдар түсіп жатыр. Осыған байланысты әкім тұрғындарды құрылыс кезеңіндегі қолайсыздықтарға түсіністікпен қарауға шақырды.

«Өз тарапымыздан құрылыс жұмысын барынша қысқа мерзімде әрі сапалы аяқтау үшін бар күшімізді саламыз. Мәселен, бүгінде Tarlan Astana жеңіл рельсті көлік желісінің Қосшы қаласына қарай бағытталған екінші кезеңінің құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Келесі жылдың соңына дейін барлық жұмысты аяқтап, осы учаскеде қозғалысты ашуды жоспарлап отырмыз.
Сонымен бірге, Айтматов көшесі мен Тұран даңғылы бойындағы желінің құрылысына белсенді кірісеміз. Құрылыс кезеңінде – осы жылдың соңына дейін және келесі жылы Сығанақ, Айтматов көшелері мен Тұран даңғылы бойында көлік жүргізушілеріне уақытша қолайсыздықтар туындайды. Бұл ретте, көлік қозғалысын қамтамасыз ету үшін бар күшімізді саламыз.
Бүгін Tarlan Astana жеңіл рельсті көлік желісінің екінші кезеңіндегі №201, 202 және 204 станцияларының құрылыс барысымен таныстым», - деп жазды ол.

Қала әкімі сондай-ақ Сығанақ көшесінің бойында орналасқан №201 станцияда екі деңгейлі ауысып міну торабының құрылысы басталғанын жазды.
«Мұнда №2 және №3 желілері түйіседі. Бұл жолаушыларға көшеге шықпай-ақ, бір бағыттан екіншісіне жылдам әрі ыңғайлы ауысып мінуіне мүмкіндік жасайды.
Жобаны іске асыру қаланың көлік қатынасын едәуір жақсартып, тұрғындардың жылдам қатынауына және елордада заманауи көлік инфрақұрылымын қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Бүгінге дейін жолаушылар Tarlan Astana желісімен 13,8 млн рет қатынаған», - деді Жеңіс Қасымбек.