Қазақстанда арнайы прокурорлар заманауи IT-құралдардың көмегімен биыл шетелдік юрисдикциялардағы жалпы құны 20 млн АҚШ долларын құрайтын активтердің орналасқан жерін анықтады. Олардың едәуір бөлігі криптовалюта түрінде болған, деп хабарлайды Elordainfo.kz Бас прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бұл туралы Астанада өткен «Қазіргі құқықтық жүйедегі «Заң мен тәртіп» конституциялық қағидаты: сын-қатерлер, инновациялар мен шешімдер» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда мәлім болды.

Бас Прокурор Берік Асылов ашқан жиында құқықтық тәртіпті нығайту, заманауи технологияларды енгізу және құқық қорғау органдары арасындағы халықаралық ынтымақтастық мәселелері талқыланды.
Конференция барысында прокуратура органдары мен отандық компаниялардың IT-өнімдері таныстырылды. Оларды қолдану нәтижесінде арнайы прокурорлар шетелдегі 20 млн долларлық активтерді анықтап, мемлекетке келтірілген залалды өтеуге қол жеткізген.
Берік Асылов өз сөзінде жаңа Конституцияның қабылдануы мемлекеттілікті нығайтуға, азаматтардың құқықтарын қорғауға және құқықтық жүйені жетілдіруге жаңа мүмкіндіктер ашқанын атап өтті.
Оның айтуынша, «Заң мен тәртіп» қағидаты мемлекеттік органдардың заңдылықты қамтамасыз етуімен ғана шектелмейді. Ол әрбір азаматтың құқықтық санасын арттыруды және қоғамдағы жауапкершілікті күшейтуді де көздейді.
Бас Прокурор заң алдындағы теңдік пен жауаптылықтың бұлтартпастығы қағидаттарына ерекше назар аударды. Заң талаптары адамның лауазымы мен қоғамдағы орнына қарамастан бәріне бірдей қолданылуға тиіс.
Сонымен қатар Берік Асылов құқық қорғау саласында цифрлық технологиялар, жасанды интеллект, талдамалық жүйелер мен тәуекелдерді болжау құралдарын кеңінен пайдалану қажеттігін атап өтті.

Халықаралық конференцияға Қазақстан Премьер-министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев, Жоғары Сот Кеңесінің төрағасы Дмитрий Малахов, Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы Жанат Элиманов, сондай-ақ БҰҰ, ЕҚЫҰ және шетелдік құқық қорғау, ғылыми-білім беру ұйымдарының өкілдері қатысты.
Жиында түрлі елдердің құқық қорғау органдары арасындағы ақпарат алмасу, бірлескен жұмыс және іс-қимылды үйлестіру тетіктері қаралды.
Конференция аясында Қазақстанның Құқық қорғау органдары академиясы мен Есірткі құралдарының заңсыз айналымына қарсы күрес жөніндегі Орталық Азия өңірлік ақпараттық үйлестіру орталығы арасында өзара түсіністік туралы келісімге қол қойылды.
Сондай-ақ Құқық қорғау органдары академиясы Еуропалық жария құқық ұйымымен (EPLO) және Жоғары Сот Кеңесі жанындағы Сот төрелігі академиясымен ынтымақтастық туралы келісімдер жасасты.


