Қазақстанның Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, 2026 жылдың басынан бері полицейлер мектептерде, колледждерде және өзге де білім беру ұйымдарында екі мыңнан астам профилактикалық іс-шара өткізген, деп хабарлайды Elordainfo.kz ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ведомство бопсалаудың, қылмыстық идеологияның таралуының және қылмыстық өмір салтын дәріптеудің алдын алуға ерекше көңіл бөлінетінін атап өтті.
ІІМ Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыстың айтуынша, профилактикалық жұмыспен қатар жастарға теріс ықпал ететін адамдар мен топтардың әрекетіне тосқауыл қою шаралары қабылданып жатыр.
«2026 жылы өңірлерде осындай 40-тан астам топ анықталды. Түрлі қылмыстар мен құқық бұзушылықтар үшін 100-ден астам адам ұсталды. Оқушылар мен студенттерді бопсалаудан қорғау бағытында бөлек жұмыс жүргізілуде. Кәмелетке толмағандарға қатысты осындай қылмыс жасаған төрт топтың әрекетіне тосқауыл қойылды», – деді Қуандық Алпыс.
Сонымен қатар полиция ұйымдасқан қылмыстық топтарға, соның ішінде жастарды заңсыз әрекеттерге тартуға тырысатын топтарға қарсы күрес жүргізіп жатыр.
Жыл басынан бері ұйымдасқан қылмыстық топтарға қатысты 47 қылмыстық іс қозғалған.
«Қылмыстық топтардың 240-тан астам жетекшісі мен мүшесі қылмыстық жауаптылыққа тартылып жатыр. Қабылданып жатқан шаралар қылмыстық қауіп-қатерлерді дер кезінде анықтауға, заңсыз әрекеттердің жолын кесуге және жастарды қылмыстық ортаның ықпалынан қорғауға мүмкіндік береді», – деп атап өтті Қуандық Алпыс.
Еске салайық, бұған дейін жеңгетайлықпен айналысқан трансұлттық топтың мүшесі Грузиядан экстрадицияланғаны туралы жаздық.