Қазақстан футзал қауымдастығын 2025 жылғы 11 шілдеден бері басқарған Нұрсұлтан Құрман қызметінен кететінін мәлімдеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz тілшісі.
Ол бұл шешімін әлеуметтік желідегі парақшасында жариялап, бірге жұмыс істеген әріптестеріне, клуб басшыларына, жаттықтырушыларға, спортшылар мен жанкүйерлерге алғыс білдірді.
«Қазақстан футзал қауымдастығының президенті қызметіндегі жұмысымды аяқтау туралы шешім қабылдадым. Бұл қызмет мен үшін үлкен жауапкершілікпен қатар, мол тәжірибе мен ерекше естеліктерге толы кезең болды. Осы уақыт ішінде отандық футзалдың дамуы жолында бірге еңбек еткен барша әріптестеріме, клуб басшыларына, жаттықтырушыларға, спортшыларға және жанкүйерлерге шынайы алғысымды білдіремін.
Қазақстан футбол федерациясының президенті Марат Талғатұлына ерекше алғыс айтқым келеді. Маған сенім білдіріп, қолдау көрсеткені және бірлесіп жұмыс істеуге мүмкіндік жасағаны үшін ризашылығымды білдіремін. Ортақ мақсат жолындағы әріптестігіміз мен үшін бағалы тәжірибе болды.
Әрине, кез келген жұмыста жетістіктермен қатар, қиындықтар да болады. Дегенмен, осы уақыт аралығындағы жұмсалған күш-жігер мен атқарылған еңбек мен үшін әрдайым қымбат», - делінген Нұрсұлтан Құрманның парақшасында.
Ол қызмет еткен тұста Қазақстан ерлер құрамасы ЕУРО-2028 финалдық кезеңінен тыс қалып, Италияға жол берген болатын. Сол ойыннан кейін Дуглас Жуниор, Шыңғыс Есенаманов құрамамен қоштасты. Ал ұлттық құрама әлемдік рейтингте 8-орынға төмендеді.
Сондай-ақ, ұлттық құраманы 2018 жылдан бері тізгіндеген бас бапкер Кака өз қызметінен кетіп, оның орнын тағы бір бразилиялық маман Какау алмастырған еді.
Айта кетейік, Қазақстан құрамасы 11 қарашаға қараған түні Словакияның Гуменне қаласында өткен 2028 жылғы әлем чемпионатының іріктеу матчында Беларусьтен 1:5 есебімен жеңілді. Осы кездесуден кейін Беларусь алты ұпаймен 6-топта көш бастаса, Қазақстан үш ұпаймен екінші орында тұр.