Header Banner

Пара шаңғы чемпионы Ербол Хамитов пара джиу-джитсудан әлем чемпионы атанды

Пара шаңғы чемпионы Ербол Хамитов пара джиу-джитсудан әлем чемпионы атанды
Фото: Ербол Хамитовтің жеке парақшасы

2026 жылы Милан-Кортинада өткен қысқы Паралимпиада ойындарында пара шаңғы жарысынан топ жарған Ербол Хамитов кезекті жетістігін тіркеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Біріккен Араб Әмірліктерінің астанасы Әбу-Дабиде өткен пара джиу-джитсудан әлем чемпионатында А3 санатында белдескен Ербол Хамитов финалда АҚШ өкілі Растин Хьюсты жеңіп, әлем чемпионы атанды.

Айта кетейік, Ербол Хамитов 19 жасына дейін джиу-джитсу және грэпплингпен айналысып, 2016 жылы джиу-джитсудан Қазақстан кубогының финалына шыққан болатын. Алайда 2017 жылы көшедегі төбелес кезінде аяғына оқ тиіп, салдарынан бір аяғынан айырылды.

Осы оқиғадан кейін ол пара шаңғы спортына бет бұрды. 2022 жылы Бейжіңде өткен қысқы Паралимпиада ойындарында бесінші орынға дейін көтерілді. Ал 2023 және 2025 жылдары пара шаңғыдан әлем чемпионы атанды.

Биыл Милан-Кортинадағы Паралимпиада ойындарынан кейін, Ербол Хамитов пара каноэ спортымен айналысуды жоспарлап отырғанын мәлімдеген еді. Тіпті көктемде Түркістанда өткен Қазақстан чемпионатында бақ сынады.

Енді қазақстандық спортшы өзі бұрын айналысқан джиу-джитсуға қайта оралып, әлем чемпионы атанып отыр.

Еске салсақ, елордалық параспортшы боччадан әлем кубогының күміс жүлдегері атанды