Ресейден Қазақстанға жеткізілген 605 мың дана тауық жұмыртқасы таңбалау талаптарына сәйкес келмегендіктен, кері қайтарылды. Самара облысынан Қызылорда облысына бағыт алған екі жүк көлігі «Сырым» ветеринариялық бақылау бекетінде тексерілген, деп хабарлайды Elordainfo.kz АШМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, тексеру барысында жұмыртқалардың сыртқы қаптамасында міндетті таңбалау жапсырмалары жоқ екені анықталған. Осыған байланысты екі көлік те Ресейге кері жөнелтілді. Жүргізушілерге қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 406-бабы бойынша хаттамалар толтырылып, айыппұл салынды.
Министрлік жыл басынан бері өңірдегі ветеринариялық бақылау бекеттерінде 294 заңбұзушылық тіркелгенін мәлімдеді. Нәтижесінде 294 көлік кері қайтарылып, 147 адамға қатысты әкімшілік шара қолданылған.
«Өнімнің тиісті таңбамен белгіленуі, ветеринариялық ілеспе құжаттардың дұрыс рәсімделуі және тасымалданатын тауардың белгіленген нормаларға сәйкестігі – мемлекеттік шекара арқылы заңды түрде өткізу мен елдің ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздігін қамтамасыз етудің міндетті шарттары саналады», делінген хабарламада.
Еске салайық, бұған дейін де Ресейден құжатсыз әкелінген 252 мың тауық жұмыртқасы кері қайтарылғаны туралы жаздық.