Header Banner

Пештің ішінде ұйықтап қалған: Петропавлда жоғалған бала табылды

Бүгін, 15:41
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Пештің ішінде ұйықтап қалған: Петропавлда жоғалған бала табылды
фото: polisia.kz

Петропавлда таңертең үйінен шығып, қайта оралмаған 13 жастағы жасөспірім іздестірілді. Полиция қызметкерлері оны бірнеше сағаттан кейін үйдің жанындағы пеш ішінен тапты, деп хабарлайды Elordainfo.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап. 

Оқиға 10 қарашада болған. Шамамен сағат 17:30-да полицияға Жұмысшы кентінің тұрғыны хабарласып, 13 жастағы ұлының жоғалғанын айтқан. Бала таңертең үйден шығып кеткен. Өзімен бірге ұялы телефоны болмаған.

Жасөспірімді іздеуге патрульдік полиция қызметкерлері мен арнайы жасақ жауынгерлері жұмылдырылды. Жұмысшы кенті мен оның маңын тексеру үшін үш дрон пайдаланылды. Сонымен қатар полицейлер бейнебақылау камераларының жазбасын қарап шықты.

Петропавл қалалық полиция басқармасы екінші бөлімінің жедел уәкілі Төребек Калелов камералардан баланы байқап қалған. Ол жасөспірімнің жүрген бағытын бақылап, Зайцев көшесіне дейін барғанын анықтады.

Сөйтіп, шамамен сағат 18:30-да бала бір үйдің жанындағы сәндік пештің ішінен табылды. Жасөспірім полицияға пешке кіріп, жылынып жатып ұйықтап қалғанын түсіндірген. Қызметкерлер оны аман-есен үйіне жеткізді.

Полиция мәліметінше, бала бұған дейін үйінен өз еркімен кетіп көрмеген. Оның үйден кетуіне не себеп болғанын кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі мамандар анықтап жатыр. Қазір полиция ата-анасымен және жасөспіріммен түсіндіру жұмыстарын жүргізген.

Еске салайық, бұған дейін Астана маңында адасып кеткен балаларды іздеуге 200-ден астам адам жұмылдырылғаны туралы жаздық.