Header Banner

Кәмпит пен печеньедегі трансмай: енді мөлшері жаңа стандарт бойынша анықталады

Бүгін, 14:34
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Кәмпит пен печеньедегі трансмай: енді мөлшері жаңа стандарт бойынша анықталады
Фото: Magnific.соm

Қазақстанда кондитерлік өнімдердің құрамындағы трансмай мөлшерін анықтаудың жаңа ұлттық стандарты бекітілді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Сауда және интеграция министрлігіне сілтеме жасап. 

Құжат 2026 жылғы 1 қарашадан бастап күшіне енді. Жаңа стандарт тәтті тағамдардың құрамындағы трансмай мөлшерін дәл анықтауға және олардың қауіпсіздігін бағалауға мүмкіндік береді.

Бұған дейін трансмай мөлшерін анықтау үшін қолданылған стандарт, негізінен, май өнімдері мен тағам өндірісіне арналған шикізатты тексеруге бағытталған болатын. Ал дайын кондитерлік өнімдердің, оның ішінде кәмпит, печенье, торт және басқа да тәттілердің құрамындағы трансмай мөлшерін анықтаудың бірыңғай әдісі болмаған.

Енді «Кондитерлік өнімдер. Қанықпаған май қышқылдары трансизомерлерінің массалық үлесін анықтау әдісі» ұлттық стандарты осы мәселені шешуге мүмкіндік береді. Құжат зертханаларда өнім құрамындағы трансмай мөлшерін өлшеудің және алынған нәтижелерді бағалаудың ортақ тәртібін белгілейді.

«Жаңа стандарт кондитерлік өнімдердің қауіпсіздігін бақылауды күшейтуге мүмкіндік береді. Әсіресе, шетелден әкелінетін өнімдерді тексеру кезінде маңызды. Бірыңғай әдіс арқылы өнім құрамындағы трансмай мөлшерін нақты анықтап, тұтынушылардың денсаулығын қорғауға ықпал ете аламыз», – деп атап өтті ҚР Сауда және интеграция министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитетінің төрағасы Жанна Есенбекова.

Жаңа стандарт 2026 жылға арналған Ұлттық стандарттау жоспары аясында әзірленді.