Header Banner

Елордада жас домбырашылар ұлттық мұраны ұлықтады

Елордада жас домбырашылар ұлттық мұраны ұлықтады
Фото: Ернұр Сағымбек

Астанада «Жас өрен» домбырашылар ансамблінің есеп беру концерті өтті. «Адал азамат» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған рухани-мәдени кеште жас өнерпаздар қазақтың дәстүрлі күйлерін орындап, жыл бойғы еңбегі мен жетістіктерін көпшілікке таныстырды, деп хабарлайды Elordainfo.kz тілшісі.

Концерт барысында «Жас өрен» ансамблінің мүшелері қазақтың белгілі күйлері мен музыкалық шығармаларын орындады. Домбыраның қоңыр үні арқылы тыңдарманға халқымыздың тарихы, дүниетанымы мен ұлттық болмысы таныстырылды.

Роза Бағланова атындағы №2 балалар музыка мектебінің директоры Жалғас Құдайбергенұлы жас өнерпаздардың жетістігіне тоқталып, олардың бойында ұлттық өнерге деген құрметті қалыптастыруда ұстаздардың еңбегі зор екенін атап өтті.

«Бүгін өнерлі балаларымыздың осындай деңгейде өнер көрсетіп жатқанын көріп, қуанып отырмын. Оларға білім беріп, ұлттық өнерге баулып жүрген ұстаздардың еңбегі зор. Осындай концертті ұйымдастырып, ұлттық күйлерді насихаттап жүрген барша ұстазға алғысымды білдіремін.

Балаларды өнермен тәрбиелесек, болашақта олар білікті маман болып қалыптасады. Музыкант немесе домбырашы бола ма, әлде басқа мамандықты таңдай ма – ол маңызды емес. Ең бастысы, олар ұлттық өнерді танып, домбыраны өзіне серік еткеніне мақтануы керек. «Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» деген сөз бар. Балалардың бойында осындай ұлттық құндылықтарға деген құрмет қалыптасқаны қуантады», – деді ол.

Ал ансамбль жетекшісі, домбыра сыныбының оқытушысы Қарлыға Ниханбаева «Жас өреннің» қалыптасу тарихы мен жетістіктеріне тоқталды.

«Мен «Жас өрен» домбырашылар ансамблін 2013 жылы құрдым. 2018 жылдан бастап №70 мектепте Роза Бағланова атындағы №2 балалар музыка мектебінің филиалы ашылып, ансамбль жұмысын осы жерде жалғастырды. Қазіргі уақытта «Жас өрен» домбырашылар ансамблі қалалық, республикалық және халықаралық байқауларға қатысып, бас жүлделерді иеленіп жүр. Бүгінгі есеп беру концертімізге филиал тәрбиеленушілері мен ата-аналар жиналды. Кеш барысында 26 бала өнер көрсетті», – деді Қарлыға Ниханбаева.

Концертте ансамбль оқушылары да өздерінің шығармашылық жолы туралы әңгімеледі. 

«Біз домбыраны бірінші сыныптан қолға алдық. 10 жылға жуық домбыра тартып келеміз. Қазір 30-дан астам күй білеміз. «Жас өрен» ансамбліне екінші сыныптан бері қатысып келеміз. Осы уақыт аралығында республикалық, халықаралық байқауларға қатыстық. Алдағы уақытта да домбыра өнерін жалғастырып, осы бағытта білімімізді жетілдіргіміз келеді», – деді Айғаным Еламан мен Алуа Аңсат.

Концерт ұлттық өнерді дәріптеудің және жас ұрпақтың домбыраға деген қызығушылығын арттырудың маңызын көрсетті. Осындай шығармашылық кездесулер арқылы жас орындаушылардың шеберлігі шыңдалып, қазақтың күй мұрасы мен домбыра дәстүрінің сабақтастығы нығая түседі.