Қаржылық мониторинг агенттігінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті «Қызыл-Жар СҚ» футбол клубының бұрынғы президенті Григорий Лорияға мемлекетаралық іздеу жариялады. Ол 414 млн теңгеден астам бюджет қаражатын жымқырды және салық төлеуден жалтарды деген күдікке ілінген, деп хабарлайды Elordainfo.kz ҚМА баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Агенттік мәліметінше, іздеуде жүрген Григорий Отарович Лория – 1954 жылы 18 наурызда туған Қазақстан Республикасының азаматы, «Қызыл-Жар СҚ» футбол клубы» ЖШС-нің бұрынғы президенті.
2023 жылы футбол клубының қызметін қаржыландыруға жергілікті бюджеттен 1,7 млрд теңге бөлінген.
Тергеу нұсқасы бойынша, күдікті бас бухгалтермен және өзге де тұлғалармен алдын ала сөз байласып, жалған қаржылық құжаттарды пайдаланған және қаражаттың жеке шоттарға негізсіз аударылуын ұйымдастырған.
Сондай-ақ ол бухгалтерлік және салық есептілігіне көрінеу жалған мәліметтер енгізуді қамтамасыз етті деген күдікке ілінген.
Атап айтқанда, тергеу дерегіне сәйкес, салық декларацияларында қызметкерлердің табысы, еңбекақы төлеу қоры және ұйымның жылдық жиынтық табысы төмендетіліп көрсетілген.
Қаржылық мониторинг агенттігі іздеуде жүрген азаматтың қайда екені туралы қандай да бір мәліметі бар адамдарды хабарласуға шақырады.
Байланыс телефоны: +7 (7172) 70-84-78 (кезекші бөлім).
Бұған дейін қылмыстық топтың Жарма ауданында заңсыз алтын өндіргені хабарланған еді.