Header Banner

Фристайл-могул: Анастасия Городко халықаралық турнирде топ жарды

Бүгін, 10:53
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Фристайл-могул: Анастасия Городко халықаралық турнирде топ жарды
Фото: olympic.kz

Қазақстан құрамасының өкілі Анастасия Городко Хинтертукс мұздығында (Аустрия) өткен фристайл-могулдан FIS Open халықаралық турнирінің жеңімпазы атанды, деп хабарлайды Elordainfo.kz ҚР ҰОК-ке сілтеме жасап.

Отандасымыз әйелдер арасындағы жарыста 74,04 ұпай жинап, қарсыластарынан басым түсті. Екінші орынды жапониялық Мио Тани (71,41 ұпай) иеленсе, үздік үштікті тағы бір Жапония спортшысы Марин Ито (70,66 ұпай) түйіндеді.

Әйелдер арасындағы бәсекеде Қазақстан атынан Юлия Феклистова мен Юлия Мокина да өнер көрсетті. Феклистова 52,55 ұпаймен 13-орынға тұрақтаса, Мокина 25,63 ұпаймен 22-сатыға жайғасты.

Ерлер арасындағы жарыста қазақстандықтардан Павел Колмаков үздік нәтиже көрсетті. Ол 72,34 ұпай жинап, сегізінші орынға ие болды. Федор Бугаков 66,49 ұпаймен оныншы орын алса, Максим Емельянов 65,69 ұпаймен 11-орынға тұрақтады. Ал Семен Русаков 62,60 ұпаймен 13-сатыға жайғасты.

Сондай-ақ Даниил Коротков 20-орын, Ильнар Ибрагимов 21-орын, Алексей Дегтярев 24-орын және Дмитрий Пятаков 43-орын алды.

Ерлер арасындағы жарыста жапониялық Такэто Нисидзава 79,63 ұпай жинап, жеңімпаз атанды. Екінші орынды оның отандасы Иккэй Фудзимура (78,54 ұпай) иеленсе, тағы бір жапониялық Рема Хаяси (75,56 ұпай) үздік үштікті түйіндеді.

Еске сала кетейік, боксшы Марал Төлепберген жасөспірімдер Олимпиадасының жартылай финалына шықты.