Астанада «Келешек мектептері» желісіндегі білім беру ұйымдарының оқушылары арасында республикалық командалық шахмат турнирі өтті. Екі күнге созылған зияткерлік сайысқа еліміздің барлық өңірінен іріктелген 24 команда қатысты, деп хабарлайды Elordainfo.kz Оқу-ағарту министрлігіне сілтеме жасап.
Астанада «Келешек мектептері» желісіндегі білім беру ұйымдарының оқушылары арасында республикалық командалық шахмат турнирі өтті. Екі күнге созылған зияткерлік сайысқа еліміздің барлық өңірінен іріктелген 24 команда қатысты.
Турнир Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен, Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы мен Қазақстан шахмат федерациясының бірлескен ұйымдастыруымен өткізілді.
Жарыс қорытындысы бойынша екі санатта жеңімпаздар анықталды. Бірінші орындарды Астана қаласындағы №117 мектеп пен Абай облысы Семей қаласындағы №51 мектеп командалары иеленді.
Екінші орынға Астана қаласындағы №111 мектеп пен Қарағанды қаласындағы №12 мектеп командалары ие болды.
Үшінші орынды Алматы қаласындағы №215 мектеп пен Ақтөбе облысындағы Сазды орта мектебінің командалары жеңіп алды.
Сонымен қатар жеке есепте төрт тақта бойынша үздік нәтиже көрсеткен оқушылар арнайы марапаттарға ие болды. Бірінші орындарды Хабыл Айбарыс, Бақытжан Санжар, Мұрат Арыстан Рашидұлы және Абилашим Айша Асқарқызы иеленді.
Турнир FIDE ережелеріне сәйкес швейцариялық жүйе бойынша 7 турдан тұрды. Оқушылар стратегиялық ойлау, жылдам шешім қабылдау және командада жұмыс істеу қабілеттерін көрсетті.
Мұндай зияткерлік жарыстар «Келешек мектептері» жобасы аясында оқушылардың логикалық ойлауын дамытуға, интеллектуалдық әлеуетін арттыруға және мектептер арасында тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді





