Қазақстан мен Қытай техникалық және кәсіптік білім беру саласындағы ынтымақтастықты дамыту, мамандар даярлау және тәжірибе алмасу мәселелерін талқылады. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың Қытайға жұмыс сапары барысында белгілі болды, деп хабарлайды Elordainfo.kz ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Министр Тяньцзинь қаласында өткен техникалық және кәсіптік білім беруге арналған халықаралық конференцияға қатысты. Жиында білім беру жүйесін жаңғырту, мамандар даярлау сапасын арттыру және халықаралық стандарттарды жетілдіру мәселелері қаралды.
Конференция аясында Жұлдыз Сүлейменова Қазақстанның техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін дамыту, еңбек нарығының сұранысына сай білікті кадрлар даярлау бағытындағы тәжірибесін таныстырды.

Сондай-ақ қазақстандық делегация білім министрлерінің дөңгелек үстеліне қатысып, «Бейжің келісімі» аясындағы тәсілдерді талқылады.
Жұмыс сапары барысында Жұлдыз Сүлейменова Қытайдың Білім министрі Хуай Цзиньпэнмен және вице-министр Ван Гуаньяньмен кездесті.

Тараптар техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін дамыту, тәжірибе алмасу және бірлескен бастамаларды жүзеге асыру мүмкіндіктерін қарастырды.
Қытай тарапы инженерлік білім беру саласындағы ынтымақтастықты тереңдету, академиялық ұтқырлықты кеңейту және цифрлық білім беру бағытындағы бірлескен жұмысты дамыту жөнінде ұсыныстар білдірді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Қазақстанның 33 мектебінде қытай тілі оқытылатыны хабарланған еді.







