12-14 қараша аралығында Швейцарияның Берн қаласында семсерлесуден ерлер арасындағы әлем кубогының кезеңі өтеді. Жарыста Қазақстан құрамасы шпагадан жекелей және командалық сындарға қатысады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ұлттық олимпиада комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жекелей сында еліміздің намысын тоғыз спортшы қорғайды. Олар – Эльмир Әлімжанов, Александр Федотов, Аңсар Қасен, Руслан Курбанов, Богдан Лукин, Кирилл Павлов, Кирилл Проходов, Вадим Шарлаимов және Георгий Тинников.
Ал командалық жарыста Эльмир Әлімжанов, Руслан Курбанов, Кирилл Проходов және Вадим Шарлаимов өнер көрсетеді.
Айта кетейік, қазан айында Қазақстанның ерлер құрамасы Марокконың Касабланка қаласында өткен әлем кубогының кезеңінде жеңіске жеткен болатын.
Осы жетістіктен кейін ұлттық құрама әлемдік рейтингте бірінші орынға көтерілді. Енді қазақстандық семсерлесушілер Швейцариядағы додада бақ сынайды.
Бұған дейін астаналық семсерлесуші Азия чемпионатының күміс жүлдегері атанғанын жазғанбыз.