Астаналық семсерлесуші Азия чемпионатының күміс жүлдегері атанды

Бүгін, 14:44
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Астаналық семсерлесуші Азия чемпионатының күміс жүлдегері атанды
Фото: Астана қаласы әкімдігі

Бахрейннің Манама қаласында 23 жасқа дейінгі спортшылар арасында семсерлесуден Азия чемпионаты өтті. Ел намысын қорғаған елордалық спортшы күміс медаль жеңіп алды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Астана әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Құрлықтық додаға 25 мемлекеттен 350-ден астам спортшы қатысып, өзара мықтыны анықтады.

Байрақты бәсекеде Астана қаласының спортшысы Мансұр Естеу Қазақстан ұлттық құрамасы сапында өнер көрсетіп, ерлер арасындағы рапирамен семсерлесуден командалық сайыста күміс медаль жеңіп алды.

Қазақстан құрамасының сапында елордалық Мансұр Естеумен бірге алматылық спортшылар Ғалым Нұрымов, Тимофей Семенов және Евгений Токанов өнер көрсетті.

Финалға дейінгі жолда қазақстандық семсерлесушілер Қытайлық Тайбэй мен Қатар құрамаларын бірдей 45:43 есебімен жеңіп, алтын медаль үшін өтетін шешуші кездесуге жолдама алды.

Финалдық бәсекеде отандастарымыз Гонконг құрамасымен кездесіп, 31:45 есебімен есе жіберді.

Осылайша, Қазақстан құрамасы ерлер арасындағы рапирамен семсерлесуден U23 Азия чемпионатының күміс жүлдегері атанып, тарихи нәтижеге қол жеткізді.

Еске сала кетейік, Қазақстан семсерлесушілері U23 Азия чемпионатын 11 медальмен аяқтады.