Қазақстанда 2026 жылдың алғашқы тоғыз айында балаларға қатысты құқық бұзушылықтар саны 3,7 пайызға төмендеді. Оң динамика Жамбыл, Атырау, Шығыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарында байқалған, деп хабарлайды Elordainfo.kz Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Министрлік балалардың құқықтарын қорғау бағытындағы жұмыстың тиімділігін бағалау үшін өңірлерде мониторинг жүргізіп жатыр. Әсіресе, бұған дейін кәмелетке толмағандарға қатысты қоғамда резонанс тудырған оқиғалар тіркелген немесе профилактикалық жұмыста кемшіліктер анықталған өңірлерге басымдық берілуде.
Атап айтқанда, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Атырау және Жетісу облыстарында жүргізілген мониторинг білім беру ұйымдарында балаларды қорғаудың қолданыстағы тетіктерін күшейту қажеттігін көрсетті.
Осыған байланысты Оқу-ағарту министрлігі Ішкі істер министрлігімен бірлесіп, құқық бұзушылықтардың алдын алу жүйесін жетілдіруде. Негізгі назар қауіп-қатерлерді ерте анықтауға, балаларға жеке қажеттіліктеріне қарай қолдау көрсетуге және олардың құқықтары бұзылған жағдайда жедел әрекет етуге аударылған.
Сонымен қатар пилоттық жоба аясында педагогтердің кәсіби қызметін бағалау кезінде балаларға қатысты құқыққа қайшы әрекеттерді уақтылы анықтау көрсеткішін ескеру жоспарланып отыр.
Бұдан бөлек, 2026-2027 оқу жылынан бастап 5-11-сынып оқушылары үшін міндетті «Жеке қауіпсіздік» курсы енгізілді. Онда балалар қауіпті жағдайларды анықтауды, жеке шекарасын қорғауды, қауіпсіздік ережелерін сақтауды және қажет кезде көмек сұрауды үйренеді.
Балалардың құқықтарын қорғау және қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары 2026-2030 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы аясында жалғасады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Астанада ерекше балаларды қолдау және жасөспірімдер қауіпсіздігі жөнінде талқыланғанын жазған едік.