Астанада ерекше балаларды қолдау және жасөспірімдер қауіпсіздігі талқыланды

Астанада ерекше балаларды қолдау және жасөспірімдер қауіпсіздігі талқыланды
Фото: Нұркен Мерғалиев

Астанада ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды әлеуметтендіру, сондай-ақ кәмелетке толмағандар мен жастар арасындағы суицидтің алдын алу шаралары талқыланды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Мәселелер Астана қаласы әкімдігінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның отырысында қаралды. Жиынға Астана қаласы әкімінің орынбасары Талғат Рахманберді төрағалық етті.

Алғашқы мәселе бойынша Астана қаласы Білім басқармасы басшысының орынбасары Маржангүл Қайырбаева елордада 23 мыңнан астам ерекше білім беру қажеттіліктері бар бала тұратынын айтты. Оның ішінде 3 жасқа дейінгі 1 417, 3-6 жастағы 6 407 және 6-18 жастағы 15 283 бала бар.

Оларға арнайы психологиялық-педагогикалық қолдау көрсетіледі. Психологиялық-медициналық-педагогикалық консультацияның қорытындысына сәйкес, 5 800 балаға жеке түзету бағдарламалары әзірленген. Өткен оқу жылында оң динамика көрсеткен 480 бала арнайы психологиялық-педагогикалық қолдау есебінен шығарылған.

Қала мектептерінде 414 арнайы педагог пен 776 педагог-ассистент жұмыс істейді. Соңғы екі жылда инклюзияны қолдау кабинеттерінің саны 28-ге артып, 85-ке жеткен.

Сонымен қатар арнайы білім беру ұйымдарының саны соңғы бес жылда 18-ден 21-ге дейін өскен. Қазір елордада үш арнайы мектеп, үш арнайы мектепке дейінгі ұйым және екі оңалту орталығы жұмыс істейді.

Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың кәсіби білім алуы мен жұмыспен қамтылуына да назар аударылған. Биыл алғаш рет колледжде зияткерлік даму ерекшеліктері бар 20 студент наубайшы және кондитер бағыттары бойынша оқуын аяқтаған. Тағы 10 студент тігін ісі бойынша білім алған.

Қосымша білім беру жүйесінде Астананың алты ауданындағы 11 ұйымда 296 бала бейімделген спорт, музыка, хореография, өнер, шығармашылық және басқа да бағыттар бойынша білім алып жүр.

Талқылау барысында Комиссия мүшелері жүйелі шешімді қажет ететін бірқатар мәселеге де тоқталды. Атап айтқанда, түзету көмегінің қолжетімділігі, түзету және инклюзияны қолдау кабинеттерінің жеткіліктілігі, сондай-ақ білім беру ұйымдарындағы инклюзивті орта қажетті мамандармен және тиісті жағдайлармен қаншалықты қамтамасыз етілгені сөз болды.

Сонымен қатар ерекше білім беру қажеттіліктері бар жасөспірімдердің білім алуын жалғастыруы және болашақ мамандығын таңдауы мәселесіне назар аударылды. Осыған байланысты бейіндік басқармалармен бірлесіп, мүгедектігі бар жоғары сынып оқушылары мен талапкерлерге кәсіби бағдар беру жұмысына талдау жүргізу ұсынылды. Бұл ретте олардың таңдаған мамандықтары елордадағы кадрларға деген нақты сұраныспен және кейінгі жұмысқа орналасу мүмкіндігімен салыстырылмақ.

Бұдан бөлек, ерекше білім беру қажеттіліктері бар талапкерлердің колледждер мен жоғары оқу орындарына түсу шарттарын республикалық деңгейде қайта қарау мәселесі көтерілді. Атап айтқанда, талапкерлердің ерекшеліктері мен мүмкіндіктерін ескере отырып, ҰБТ-ны шекті талап ретінде қолдану мәселесін пысықтау ұсынылды.

Комиссия отырысында әлеуметтік сала ұйымдарында ерекше қажеттіліктері бар балалармен жұмыс істейтін логопед, дефектолог және басқа да мамандардың мәртебесі де сөз болды. Олардың атқаратын жұмысының сипаты мен маңызын ескере отырып, кәсіби мәртебесін жетілдіру және әлеуметтік қолдау шараларын күшейту мүмкіндігін қарастыру ұсынылды.

Отырыста кәмелетке толмағандар арасындағы суицидтің алдын алу шаралары да қаралды.

Астана қаласы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Айнұр Төлеуованың айтуынша, елордада жасөспірімдерге психологиялық және психиатриялық көмек көрсетудің бірнеше деңгейлі жүйесі қалыптасқан.

Қалалық психикалық денсаулық орталығында балалар психиатрларының алты амбулаториялық қабылдау учаскесі, сондай-ақ 20 орындық күндізгі және 25 орындық тәулік бойы стационар жұмыс істейді. Бұдан бөлек, қауіп тобындағы балаларға «жасыл дәліз» алгоритмі арқылы шұғыл көмек көрсетіледі.

Айнұр Төлеуова суицидтің алдын алуда қауіп тобындағы балаларды ерте анықтап, оларға көрсетілетін психологиялық және психиатриялық көмектің үздіксіздігін қамтамасыз етудің маңызын атап өтті.

Ал Астана қаласы Полиция департаменті ювеналды полиция бөлімінің бастығы Әлия Жүсіпова жасөспірімдер арасындағы суицид пен буллингтің алдын алуды тек полиция қызметкерлеріне жүктеуге болмайтынын айтты.

Оның пікірінше, бұл бағытта ата-ана, мектеп, психолог және мемлекеттік органдардың бірлескен жұмысы маңызды. Сондай-ақ бала тәрбиесінде ата-ана мен мектеп арасындағы жауапкершіліктің бір-біріне ауысуы мәселесіне назар аударып, балалардың эмоционалдық жағдайына дер кезінде көңіл бөлудің маңызын атап өтті.

Комиссия отырысында балалардың қауіпсіз ортасын қалыптастыру, олардың әлеуетін дамыту және қоғамға толыққанды араласуына жағдай жасау үшін мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдардың өзара іс-қимылын күшейту қажеттігі айтылды.

Бұдан бұрын Астанада балалар қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған іс-шара өткенін жазған едік.