Header Banner

Отбасының әл-ауқатын жасанды интелект те бағалайды - Жолдау

Отбасының әл-ауқатын жасанды интелект те бағалайды - Жолдау
Фото: Ләззат Қожахметованың жеке мұрағаты

Биыл Жолдауда көтерілген бастамалар және жәрдемақы саясаты қалай жүзеге асады? Әлеуметтік қолдау жүйесінде қандай өзгерістер орын алмақ? Осы және өзге де маңызды сауалдарға Құрылтай депутаты Ләззат Қожахметова 24kz телеарнасында берген сұхбатында жауап берді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Депутаттың пікірінше, бұрын Атаулы әлеуметтік көмек тағайындау кезінде учаскелік комиссия әр үйге барып, отбасының тұрмысын актіге тіркеп, соған қарай қорытынды жасайтын. Дегенмен, комиссияның шынымен ол отбасыға барғанын, жағдайды қаншалықты дұрыс бағалағанын тексеру қиын еді.

«Қазір бұл жұмыс қағидаты өзгерді. Комиссия мүшелері үйге барғанда арнайы мобильді қосымшаны қолданып тексеру жүргізеді. 

Мобильді қосымшадағы геолокация арқылы комиссияның ол үйге қай күні барғаны, комиссия құрамында кімдер болғаны тіркеледі. Тіпті отбасының мекенжайы мен комиссия барған жердің сәйкестігі де тексеріледі.

Сондай ақ, комиссия мүшелері мобильді қосымша арқылы үйдегі мүліктерді фотоға түсіреді. Ал ЖИ сол фотоларды талдап, тұрмыс жағдайына қатысты өз бағасын береді», - деді Ләззат Қожахметова.

Депутаттың сөзінше, АӘК тағайындау кезінде екі компьютерлік модель қолданылады.

Біріншісі отбасы туралы мемлекеттік базалардағы ақпарат сарапталады. Табысы, мүлкі, жұмысы және басқа да әлеуметтік жағдайлары зерделенеді.

Екіншісі ЖИ арқылы үйдің жағдайы туралы фотолар бағаланады. Отбасының әл-ауқатын адам ғана емес, қосымша арқылы түсірілген фотолар арқылы да бағалайды.

Осылайша, комиссияның берген бағасы мен ЖИ қорытындысы салыстырылады. Екеуінің арасында үлкен айырмашылық болса, бұл қайта тексеруге негіз болады.

«Мұның бәрі не үшін керек? Біреуге негізсіз көмек беріліп, ал шын мұқтаж отбасы назардан тыс қалмауы үшін. Мақсат - әлеуметтік көмекке бөлінген қаражатты әділ тағайындау»,- деді ол.