Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» Жолдауында 2027 жылды «Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы» деп жариялау жөніндегі бастамасы елдің инфрақұрылымын дамытуға және халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған. Бұл туралы Құрылтай депутаты, «Әділет» партиясы фракциясының мүшесі Аббат Жәңгірханұлы пікір білдірді, деп хабарлайды Elordainfo.kz AIQYN-ға сілтеме жасап.
«Мемлекет басшысының Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Х құрылтайында көтерген бастамаларының ішінде «Халықтық құрылыс» бастамасының орны айрықша. Президенттің 2027 жылды «Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы» деп жариялау жөніндегі ұсынысын ел дамуына тың серпін беретін маңызды қадам деп білемін.
Бастаманың негізгі мақсаты – ел байлығын халық күнделікті өмірінде сезінетін нақты игілікке айналдыру. Президенттің келер ұрпаққа қағаз жүзіндегі жоспарлар мен қаржылық көрсеткіштерді емес, ел қажетіне жарайтын, халықтың игілігіне қызмет ететін нақты нысандарды мұра етіп қалдыру туралы пікірі айрықша тағылымды. Шын мәнінде, ұрпақ жадында құрғақ есеп пен орындалмаған уәде емес, ел өміріне өзгеріс әкелген істер сақталады.
Бүгін бой көтерген мектептің табалдырығын ертең талай бала аттап, сол ауруханадан қаншама жан шипа табады, салынған жолмен ел қатынап, өңірлердің тынысы кеңейеді. Жылдар алмасып, уақыт көшкенімен, халыққа қызмет еткен нысандардың игілігі жоғалмайды. Өйткені елге қалатын ең қымбат мұра – ұрпақтың өміріне жарық түсірген еңбек пен ел қажетіне жараған жасампаз істің жемісі», – деді депутат.
Аббат Жәңгірханұлының айтуынша, бастаманың нәтижелі жүзеге асуы үшін бөлінген қаражаттың тиімді жұмсалуы мен құрылыс сапасына ерекше мән берілуі керек.
«Алдағы үш жылда Ұлттық қордан осы мақсатқа 6,5 триллион теңге бөлінуі көзделіп отыр. Бұл – ауқымы жағынан да, жауапкершілігі жағынан да үлкен міндет. Мұндай қаржының әрбір теңгесі нақты нәтижеге жұмыс істеуге тиіс. Құрылыс сапасын сақтау, нысандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қаражаттың мақсатты әрі тиімді жұмсалуын қадағалау айрықша маңызға ие.
Осы ретте Мемлекет басшысының «Халықтық құрылыс» жөніндегі мемлекеттік комиссия құру туралы тапсырмасы – дер кезінде берілген маңызды шешім. Комиссия құрамына мемлекеттік органдармен қатар Құрылтай мен мәслихат депутаттарының, Халық Кеңесі мүшелерінің, қоғам қайраткерлерінің, белсенділердің, волонтерлер мен журналистердің тартылуы қоғамдық бақылаудың аясын кеңейтеді.
Өйткені халықтың қаржысына салынған нысанның сапасы мен жұмсалған қаражаттың есебі де халыққа ашық болуы керек. Қоғамдық бақылау – сенімді нығайтатын, жауапкершілікті арттыратын маңызды құрал», – деп атап өтті ол.
Депутат «Халықтық құрылыс» бастамасының өңірлік экономика мен отандық кәсіпкерлікті дамытуға да ықпал ететінін жеткізді.
«Бағдарламаның тағы бір қыры – отандық кәсіпкерлік пен өңірлік экономиканың дамуына серпін беруі. Құрылыс қарқыны артқан сайын жаңа жұмыс орындары ашылып, құрылыс материалдарын өндірушілерге, мердігерлерге, шағын және орта бизнес өкілдеріне мүмкіндік көбейеді. Мұның игілігі ірі қалалармен ғана шектелмей, шалғай ауылдар мен аудан орталықтарына да жетуі маңызды. Әр өңірде басталған құрылыс сол жердің еңбек әлеуетін арттырып, жергілікті кәсіпкерлердің дамуына жол ашуы қажет.
Меніңше, «Халықтық құрылыс» атауының өзінде үлкен мән бар. Бұл – үлкен мемлекеттік бастама және нәтижесі бүкіл халыққа ортақ жоба. Оның табысты жүзеге асуы тек бөлінген қаражатқа немесе құрылыс қарқынына байланысты емес. Жоспардың сапалы орындалуы, әр нысанның нақты қажеттілікке сай салынуы, жергілікті халықтың мүддесінің ескерілуі де маңызды. Ең бастысы, салынған әрбір нысан халықтың игілігіне қызмет етуі керек», – деді Аббат Жәңгірханұлы.
Сөз соңында спикер бастаманың басты өлшемі құрылыс нысандарының санымен емес, халықтың күнделікті өміріне әкелген нақты өзгерісімен бағалануы қажеттігін атап өтті.
«Президенттің: «Құрылыс және тағы да құрылыс», – деген сөзі осы жұмыстың ауқымын ғана емес, оған деген көзқарасты да айқындайды. Яғни тоқтаусыз ізденіс, табанды еңбек және ел игілігі үшін жасалатын нақты іс. Құрылыс алаңында қаланған әр кірпіштің артында үлкен жауапкершілік жатыр. Сондықтан сан қуалаудан сапаға, есеп үшін салудан ел қажетіне жаратуға басымдық берілуге тиіс.
Елдің еңсесі ең алдымен халықтың тұрмысынан байқалады. Балалар жақын жердегі мектепте білім алып, науқастар заманауи ауруханада емделіп, ауыл тұрғындары сапалы жолмен қатынап, азаматтар тұрақты жұмысқа орналасқанда, мұндай бастамалардың шынайы нәтижесі көрінеді. Халықтың игілігіне жараған іс кез келген есептен құнды.
«Халықтық құрылыс» – бүгінгі және келешек ұрпақтың да еншісіне қалатын ортақ іс деп есептеймін. Сондықтан бұл бастамаға әр азаматтың жанашырлықпен қарағаны жөн. Мемлекет бастаған игілікті жұмысты қоғам болып қолдап, оның сапалы әрі әділ жүзеге асуына бәріміз мүдделі болуымыз керек.
Өйткені елді ел ететін – ортақ мақсат, жерді көркейтетін – адал еңбек, ал ұрпаққа қалатын ең жақсы мұра – халықтың игілігіне айналған жасампаз іс. «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол» шығарып, осы бастаманы ел болып жүзеге асырсақ, бүгінгі еңбегіміз ертеңгі ұрпақтың игілігіне айналары сөзсіз. Бірлік бар жерде тірлік бар, ал бірлікпен атқарылған істің берекесі мол», – деп түйіндеді Құрылтай депутаты.