Астанада полиция қызметкерлері шетелдік қонақтарға көмек көрсетіп, елорданың қонақжай келбетін танытты, деп хабарлайды Elordainfo.kz қалалық Полиция департаментіне сілтеме жасап.
Үндістаннан келген екі турист – апалы-сіңлілі әйелдер қалада жүріп, «Нұрлы жол» теміржол вокзалына жету үшін такси шақыруға көмек сұрап, полиция қызметкерлеріне жүгінген. Тәртіп сақшылары шетелдік қонақтардың өтінішіне бейжай қарамай, оларға қажетті көмекті көрсетіп қана қоймай, елорданың көрікті жерлерін аралатып, қаланың тыныс-тіршілігімен таныстырған.
Туристер полиция қызметкерлерінің ықыласы мен жанашырлығына ерекше ризашылықтарын білдірді. Олардың айтуынша, бейтаныс қалада осындай қолдау көрсету – үлкен көмек әрі ұмытылмас әсер қалдыратын ізгі іс.
Шетелдік қонақтар тәртіп сақшыларына жедел әрекеті, сыпайылығы, қамқорлығы мен қонақжайлығы үшін алғыс айтып, көрсетілген көмекті жоғары бағалады.
Полиция қызметкерінің міндеті – тек қоғамдық тәртіпті сақтау мен құқық бұзушылықтың алдын алу ғана емес, сонымен қатар кез келген жағдайда азаматтарға қолдау көрсетіп, көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын созу.
Еске сала кетейік, Қазақстанда туризмге тартылған инвестиция 68 пайызға өсті.