2026 жылдың тоғыз айында туризм саласының негізгі капиталына салынған инвестиция көлемі 1 трлн 319 млрд теңгеге жетті. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 68%-ға көп. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов осылай мәлімдеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Министрдің мәліметінше, биылғы бірінші жартыжылдықта қонақүйлер мен өзге де орналастыру орындары 5 млн-ға жуық адамға қызмет көрсетті. Туризм саласында 565 мыңнан астам адам еңбек етеді. Бұл – елдегі жұмыспен қамтылғандардың жалпы санының 6%-ы.
2026 жылы өңірлерде жалпы құны 19,5 млрд теңге болатын 15 туристік инфрақұрылым жобасы аяқталды. Жыл соңына дейін құны 159 млрд теңге болатын тағы 38 жобаны аяқтау жоспарланып отыр. Сонымен қатар 2025-2026 жылдары жалпы сомасы 78 млрд теңгеге 64 инвестициялық жоба іске асырылып, 2 мыңға жуық тұрақты жұмыс орны ашылды.
«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Щучье-Бурабай курортты өңірін, Маңғыстау туристік өңірін және Алматы тау кластерін кешенді дамыту жоспарлары бекітілді. Оларда барлығы 293 іс-шара қарастырылған. Оның 61-і орындалды, тағы 232-сі іске асырылып жатыр.
Биыл туристік автобустар үшін ұйымдасқан туристік топтардың мемлекеттік шекарадан өтуін жеңілдететін «жасыл дәліз» тетігі енгізілді. 18 жасқа дейінгі балаларға ұлттық парктерге кіру тегін болды. Ұлттық парктердің жер учаскелерін ұзақ мерзімді пайдалану мерзімі 25 жылдан 49 жылға дейін ұзартылды», - деді Ербол Мырзабосынов.
Биылғы тоғыз айда 24 жаңа халықаралық әуе бағыты ашылды. Қазір 31 елмен 137 бағыт бойынша халықаралық әуе қатынасы жолға қойылған. Кендірлі, Зайсан және Катонқарағайда үш жаңа әуежай салынып жатыр.