Header Banner

Президент: Биыл еліміздің ЖІӨ 398 миллиард доллар болады

Бүгін, 13:15
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Президент: Биыл еліміздің ЖІӨ 398 миллиард доллар болады
Фото: akorda.kz

Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің соңғы жылдардағы әлеуметтік-экономикалық жетістіктеріне тоқталды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

«Халықаралық валюта қоры ұсынған болжамға сәйкес, биыл еліміздің жалпы ішкі өнімі 398 миллиард доллар болады. Ал осыдан жеті жыл бұрын бұл көрсеткіш 181 миллиард доллардың шамасында болды.

2019 жылдан бері экономикамызға 155 миллиард доллар шетел инвестициясы тартылды. Еліміздің сыртқы сауда көлемі 150 миллиард долларға жуықтады.

Алтын-валюта резерві мен Ұлттық қор активтерінің көлемі 44 пайызға ұлғайып, 129 миллиард доллардан асты.

«Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы аясында 7 миллионнан астам баланың жеке есепшотына 2,5 миллиард доллар аударылды.

Бұл қазіргі буын өкілдерінің өскелең ұрпақтың қауіпсіз болашағына қосып жатқан баға жетпес үлесі десек, шындық боларына күмән жоқ.

Қазақстанда ақысыз медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі нақты бекітілген. Соған сәйкес азаматтарымызға 1 мыңнан астам медициналық қызмет көрсетіледі.

Елімізде әлеуметтік жағынан осал топтағы адамдарға берілетін жәрдемақының 39 түрі бар.

Соңғы жеті жылда елімізде 625 орта және ірі өндіріс орны ашылды. 3,6 миллион адам жұмыспен қамтылды.

118 миллион шаршы метр тұрғын үй бой көтерді. 36 мың шақырым автокөлік жолы және 5 мың шақырым теміржол салынып, жөнделді.

Қазақстан табиғи ресурстар мен сирек кездесетін металдар, яғни уран, мұнай, көмір, титан, алтын, хром, мыс, вольфрам, кобальт, ванадий және тағы басқа аса маңызды минералдар қоры бойынша дүние жүзіндегі көшбасшы елдердің бірі саналады.

Өздеріңіз білесіздер, аталған құнды ресурстарға әлемдік сұраныс өте жоғары», - деді Мемлекет басшысы.