Республика күні: Әлихан Байменов маңызды реформаларды атады

Республика күні: Әлихан Байменов маңызды реформаларды атады
Фото: Әлихан Байменовтің жеке мұрағатынан

Республика күні – мемлекеттің егемендігін жариялаған тарихи құжатты еске алумен ғана шектелмей, халық мүддесіне сай басқару жүйесінің қаншалықты қалыптасқанын бағалайтын маңызды күн. Астана мемлекеттік қызмет хабы Басқарушы комитетінің төрағасы Әлихан Байменов Elordainfo.kz тілшісіне берген пікірінде осындай ой айтып, мемлекеттік басқаруды одан әрі жетілдіруге қатысты бірқатар ұсынысын білдірді.

Оның айтуынша, 1990 жылғы 25 қазанда қабылданған Мемлекеттік егемендік туралы декларация Қазақстанның дербес мемлекет ретінде қалыптасуы негізін қалап, ұлттық мүддені қорғаудың жаңа кезеңін бастады.

«1990 жылғы 25 қазанда Қазақ Совет Социалистік Республикасының мемлекеттік егемендігі туралы декларацияны қабылдай отырып, біздің ұлтымыз әлемге «бұдан әрі біз өзіміздің ішкі ісімізді өзіміз реттейміз, біздің қабылдаған заңдарымыз басқа заңдардан үстем болады» деп мемлекеттіктің алғашқы қадамын жасады.

Сонымен бірге осы құжатта тұңғыш рет қазақ ұлтының мүддесін қорғайтын мемлекет бар екені, еліміздің сыртында тұратын қазақтардың да мәдени-рухани қажеттіліктерін өтеуге міндеттелген мемлекет құрылып жатқаны жарияланды», – деді Әлихан Байменов.

Саясаткер Республика күнінің мәнін халықтың мемлекеттік істерді басқаруға қатысуымен байланыстырады. Оның пікірінше, бұл қағидат билік пен қоғамның өзара жауапкершілігін де айқындайды.

«Неліктен Республика күні? Себебі сол құжатта биліктің республикаға тән жолымен үш тармаққа бөлінетіні және олардың сол бірін-бірі қадағалау тепе-теңдігі арқылы билікті жүзеге асыратыны мәлімденді. Ал республика деген сөздің өзі бұл ұлттық мерекенің мән-мағынасын айқындап отыр. Республика – халықтың ортақ ісін өзі басқаруы.

Ендеше бұл күні барлығымыз – азаматтар да, билік те осы бағыттағы кезінде қабылданған декларация қалай жүзеге асуда деп, өзімізге есеп беріп, халықтың мүддесін ескеретін саясатқа ықпал жасау парызымыз екенін ескеруіміз қажет», – деді ол.

Әлихан Байменов «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын республикалық басқарудың маңызды қағидаттарының бірі деп есептейді. Ол бұл бағыттағы бастамалардың елдің тарихи мұратымен сабақтас болуы қажеттігін атап өтті.

«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы да – нақты республиканың айнымас сипаты. Себебі халық өз ісін өзі басқарып, өз мүддесіне сай саясат жүргізу үшін оның мұң-мұқтажын терең түсінетін, оның үніне құлақ асатын саяси жүйе қажет.

Сондықтан да бұл тұжырым «Адал азамат», «Таза Қазақстан» концепцияларымен бірлесе, біртұтас қарастырылуы тиіс.

Ал біз сол декларацияға сай, оның негізінде ғасырлар бойғы ұлттың азаттыққа, бостандыққа, егемендікке ұмтылысы жатқанын ескере келе, осы бағыттағы қозғалысымызды, сол мақсаттарға жету жолындағы істерімізді нақтылап, Республиканың аты мен мазмұнын сәйкестендіріп отыруымыз керек», – деді саясаткер.

Оның пайымынша, егемендік туралы декларация мен Тәуелсіздік туралы заң елдегі құқықтық және институционалдық реформалардың негізгі бағдарын айқындайды.

Осы тұрғыдан алғанда, мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру жұмыстары бірнеше бағытта жалғасқаны маңызды.

«Ендеше қандай күрделі геосаяси ахуал, қазіргідей құбылмалы заман болса да, бұл декларация Тәуелсіздік туралы заңмен бірге біздің конституциялық өзгерістердің де, барлық заңымыздың да негізгі даму бағытын көрсетеді. «Заң – өскелең адамға пішкен киім секілді болу керек» дейді. Ендеше заң азаматтардың өсуін, экономиканың өркендеуін қамтамасыз етуі керек. Бұл бағыттағы реформалар осыны ескергені жөн.

Олай болса, қажетті реформалар бірнеше бағытта болғаны абзал:

Бірінші – саяси жүйені әрі қарай жетілдіру. Бұл тұста өкілетті органдардың атқарушы билікті қадағалау мүмкіндігін әрі қарай дамыту, кеңейту;

Екіншіден, сот билігін жасақтауда мүмкін өкілетті органдардың пікірін ескеру;

Үшіншіден, сот билігіне қатысты тәуелсіздігін нығайту;

Төртіншіден, жемқорлықпен күресті күшейту», – деді Әлихан Байменов.

Сондай-ақ ол сыбайлас жемқорлықтың алдын алу үшін мемлекеттің экономикадағы үлесін азайту, мемлекеттік ресурстарды бөлу кезінде ашықтықты қамтамасыз ету және цифрлық технологияларды кеңінен пайдалану қажет деп санайды.

«Ол үшін бір жағынан экономикада бәсекелестік ортаға бере алатын, жеке кәсіпкерлер атқаратын жұмысты мемлекет иелігінен алып, мемлекеттің экономикадағы үлесін азайту қажет.

Екіншіден, ортақ істі бөлуде түрлі лауазым иелерінің шешім қабылдауында тазалықты қамтамасыз ету. Ол үшін салықтық, инвестициялық, тарифтік, басқа жеңілдіктерді бергенде және мемлекет есебінен салынған пәтерден бастап жер телімдері, басқа да игіліктерді бөлетін шешім қабылдағанда блокчейнді пайдалану керек.

Үшіншіден, мүдделер қақтығысы туралы арнайы заң қажет. Сонымен қатар әшкерелеушілерді қорғайтын заңмен арнайы қорғау жүйесі керек.

Түбегейлі келгенде, бұл қадамның барлығы Республика ұғымын толыққанды жұмыс жасайтын мемлекеттік басқару үлгісі етуге бағытталған. Кейінгі жылдардағы өзгерістердің де негізгі бағыты осыған сәйкес деп ойлаймын», – деп түйіндеді ол.