«Republic Day» және «Bereke Fest»: Астанада 58 сауда нүктесінде жеңілдіктер ұсынылып жатыр

«Republic Day» және «Bereke Fest»: Астанада 58 сауда нүктесінде жеңілдіктер ұсынылып жатыр
Фото: Астана әкімдігі

Астанада Республика күніне орай ұйымдастырылған «Republic Day» және «Bereke Fest» республикалық акциялары жалғасуда. Акцияға елордадағы 10 сауда және ойын-сауық орталығы мен түрлі сауда желісінің 48 дүкені қатысып жатыр, деп хабарлайды Elordainfo.kz елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Акциялар 27 қазанға дейін жалғасады. Осы уақыт аралығында қала тұрғындары мен қонақтары азық-түлік және азық-түлікке жатпайтын тауарларды жеңілдетілген бағамен сатып ала алады.

«Republic Day» акциясына MEGA Silk Way, «Хан Шатыр», Asia Park, Green Mall және басқа да ірі сауда орталықтары қосылған.

Ал «Bereke Fest» акциясы аясында SMALL, SPAR, «Фермаг», «Астықжан», Greenwich, Magnum, «ВКУСМАРТ» және «Анвар» сауда желілерінде арнайы жеңілдіктер қарастырылған.

Елорда тұрғындары мереке қарсаңында ұйымдастырылған акциялардың отбасылық бюджетке тиімді екенін атап өтті.

«Мереке қарсаңында әдетте азық-түлік, жақындарға сыйлық, үйге қажетті заттарды көбірек сатып аламыз. Сондықтан мұндай жеңілдіктер өте тиімді. Бірнеше дүкенді аралап, бағаларды салыстырдық. Соның арқасында өзімізге қолайлы тауарларды таңдап алдық», – деді қала тұрғыны.

Акцияларды Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрлігі жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп ұйымдастырған.

Бастаманың мақсаты – тұрғындарға тауарларды қолжетімді бағамен ұсыну, отандық өндірушілерді қолдау және ішкі сауданы дамыту.