Электронды кезек: Медициналық-әлеуметтік сараптамадан өту тәртібі жеңілдетілмек

Бүгін, 20:03
Думан Аманжол Думан Аманжол
Электронды кезек: Медициналық-әлеуметтік сараптамадан өту тәртібі жеңілдетілмек
Фото: Денсаулық сақтау министрлігі

Елімізде медициналық-әлеуметтік сараптамадан (МӘС) жүзбе-жүз өту үшін электронды кезек енгізілуде. Жаңа сервис азаматтарға қабылдауға алдын ала жазылып, өзіне ыңғайлы күн мен уақытты таңдауға мүмкіндік береді. Бұл ретте кезекте ұзақ уақыт күтудің қажеті жоқ, деп хабарлайды Elordainfo.kz Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап.

Электронды кезек жобасы алдымен Ақмола облысында іске қосылды. Кейін бұл сервис Алматы қаласында да енгізілді.

«1 қазандағы жағдай бойынша электронды кезекті Ақмола облысында 2 580 адам, ал Алматы қаласында 3 030 адам пайдаланған», - делінген хабарламада.

Электронды кезекке Әлеуметтік қызметтер порталы (aleumet.egov.kz) арқылы жазылуға болады. Ол үшін бірнеше қарапайым қадамды орындау қажет.

Азамат электрондық цифрлық қолтаңбасы арқылы Әлеуметтік қызметтер порталына кіріп, Жеке кабинеттен «Куәландыруға жазылу» қызметін таңдауы керек. Одан кейін өзіне ыңғайлы күн мен уақытты белгілейді.

Жүйе азаматтың тұрғылықты жеріне қарай тиісті медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімін автоматты түрде анықтайды.

Жазылу сәтті аяқталған соң, азаматтың телефон нөміріне МӘС-тен өтетін күн мен уақыт, бөлімнің мекенжайы және талон нөмірі көрсетілген SMS-хабарлама келеді. Белгіленген қабылдауға үш күн қалғанда жүйе қосымша SMS арқылы еске салады.

Қажет болған жағдайда азамат Жеке кабинеті арқылы жазылуын тоқтата алады немесе басқа күн мен уақытқа ауыстырады.

Егер азамат белгіленген уақытта келмесе, кезек автоматты түрде жойылады. Бұл туралы да тиісті хабарлама жіберіледі.

«Электронды кезек жүйесі медициналық-әлеуметтік сараптамадан өтуді жеңілдетіп, азаматтардың күту уақытын қысқартуға және қабылдауды тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік береді», - деп хабарлады ведомствода.

Жоба екі өңірде іске асырылған соң, оның нәтижелері сараланып, электронды кезекті еліміздің барлық өңіріне енгізу мәселесі қаралмақ.

Еске салсақ, елімізде жыл басынан бері 13,7 миллионнан астам электрондық медициналық анықтама берілді.