Астаналық жас боксшы Ален Мұхитұлы U19 Қазақстан чемпионатында 50 келі салмақта алты жекпе-жек өткізіп, күміс жүлдеге ие болды. Финалға дейін бірнеше фаворитті жарыс жолынан шығарған ол Elordainfo.kz тілшісіне бапкері Мұхит Амантаевтың сенімі, чемпионаттағы ең қиын айқастары және бокстағы үлгі тұтатын спортшысы туралы айтып берді.
- Ален, U19 Қазақстан чемпионатындағы күміс жүлдеңіз құтты болсын! Өзіңіз дәл осылай финалға дейін жете алатыныңызға сендіңіз бе?
- Жастар арасындағы Қазақстан чемпионатында күміс жүлде алғаныма қуаныштымын. Иә, финалға дейін жететініме сенім болды. Өйткен бапкерім Мұхит Амантаев жарыс басталмай тұрып, маған «Сен жақсы формадасың. Бұйырса чемпионатта өзіңді көрсетуге жақсы мүмкіндігің бар», - деп жігерлендірді. Жаттықтырушымның сенімін ақтадым.
- 50 келі салмақта 48 боксшы қатысып, сіз 6 айқас өткіздіңіз. Жеке өзіңізде осындай жайт бірінші рет кездесіп тұр ма? Күн сайын шаршы алаңға шығудан қандай әсер алдыңыз?
- Иә, Қазақстан чемпионатында алғаш рет алты жекпе-жек өткіздім. Бұған дейінгі жарыстарда ең көп дегенде 4 айқасқа ғана шыққан едім.

- Сіз жеребе барысында фавориттер қатарында болмағандықтан, біршама мықтымен кездестіңіз. Қай айқас сіз үшін ерекше болды? Барлық қарсыластарыңызбен алғаш рет жұдырықтастыңыз ба?
- Барлық жекпе-жек оңай өтті деп айта алмаймын. Бірінші кездесуде Уәлихан Рамазановты (Павлодар облысы) 4:1 есебімен жеңген соң, екінші айналымда өз салмағымда фавориттің бірі, халықаралық турнирлердің жеңімпазы Аңсар Үсенханнан (Шымкент қаласы) айламды асырдым. Одан кейін Жетісу облысы, Қызылорда облысы, Алматы облысының өкілдерін жеңдім. Жартылай финалдағы Ислам Болатбек атты қарсыласым былтыр ғана 48 келіде Қазақстан чемпионатында топ жарған еді. Ал финалда басты фаворит саналған Арман Мырсабиттен (ШҚО) есе жіберсем де, үлкен тәжірибе алдым деп санаймын.
- Бапкеріңіз Мұхит Амантаевтың әлеуметтік желідегі танымалдылығы сіздің де көрінуіңізге мүмкіндік берді. Жалпы осы залдан неше боксшы U19 Қазақстан чемпионатына қатысты?
- Қазақстан чемпионатына қатысу үшін, бірінші кезекте Астана қаласының додасында жүлдеге іліну керексің. Мен қалалық біріншілікте күміс жүлде еншілеп, U19 жарысында жұдырықтасуға мүмкіндік алдым. Нәтижесінде осы жолы Астана қаласының 31 боксшысы сынға түссе, оның ішінде Мұхит Амантаев бапкерімнің шәкірттерінен тек мен ғана жұдырықтастым.
- Сіз U19 Қазақстан чемпионатына алғаш рет қатыстыңыз ба? 2025 жылы қалай болып еді?
- Спорттағы ең ірі жарысым дәл осы U19 Қазақстан чемпионаты саналып келеді. 2025 жылы Өскемен қаласында өткен ел біріншілігінде Әділ Мирсалимбаевты (Жамбыл облысы) екінші раундта айқын басымдықпен жеңгенімен, келесі айналымда көшбасшының бірі – Нұрхан Құмарбековке (Жетісу облысы) 2:3 есебімен жол берген едім.
- Әлемдік және қазақстандық бокста кімдерді үлгі тұтасыз? Сол боксшылардың қандай қасиеттерін өз бойыңызға сіңіргіңіз келеді?
- Отандық бокста көшбасшы саналатын, 2 дүркін әлем чемпионы Махмұд Сабырханды үлгі тұтамын. Сол секілді рингте батыл қимылдап, көшбасшы болсам деймін.