Header Banner

Бибарыс Әшірбай: Ересектер санатына ауысуға 100% дайынмын

Бибарыс Әшірбай: Ересектер санатына ауысуға 100% дайынмын
Фото: Ұлттық олимпиада комитеті

Сенегал астанасы Дакарда өткен жасөспірімдер Олимпиадасында 70 келі салмақта сынға түскен қазақстандық боксшы Бибарыс Әшірбай күміс жүлдеге ие болды. Бұған дейін Черногорияның Будва қаласында өткен U19 санатындағы әлем чемпионатында да финалға шыққан спортшы Elordainfo.kz тілшісіне берген сұхбатында Олимпиададағы өнері, екі ірі жарыстан алған тәжірибесі және ересектер боксына ауысу жоспары туралы айтып берді.

- Бибарыс, Сенегалдағы жасөспірімдер Олимпиадасының күміс жүлдесі құтты болсын! Дегенмен финалдық жекпе-жектен кейінгі және марапаттау рәсіміндегі эмоцияңызға қарасақ, Дакарға тек алтын медаль үшін барғаныңыз байқалады. Финалдық айқасқа қандай баға бересіз?

- Әрине, Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері атанғаныма қуаныштымын. Бірақ финалдық кездесуде жеңіске жеткім келді. Бұйырғаны күміс медаль болды. Қарсыласым Майкл Моэн (Ұлыбритания) жасөспірімдер арасында Еуропа чемпионы болғанымен, онымен алғаш рет жұдырықтастым. Финалға бапкерлеріммен бірге дұрыс тактика әзірледік. Алайда оны рингте толық жүзеге асыра алмадым.

- Жасөспірімдер Олимпиадасында Қазақстан атынан ерлер арасында жалғыз өзіңіз сынға түстіңіз. Мұны алғаш естігенде қандай әсерде болдыңыз? Өзіңіздің салмағыңыздағы қалған 11 боксшының барлығы сізге таныс болды ма?

- Әрине, мен үшін бұл үлкен жауапкершілік болды. Қазақстанның намысын қорғау оңай емес. Бірақ өзіме сендім және елімнің атынан жақсы нәтиже көрсетуге бар күшімді салдым. Қарсыластарымның арасында бұрын кездескендерім де, алғаш рет қолғап түйістіргендерім де болды.

- Сіз бұған дейін Будвада өткен U19 санатындағы әлем чемпионатында да күміс жүлде жеңіп алдыңыз. Екі ірі жарыстың арасы небәрі 10 күн болды. Осы уақыт ішінде физикалық және психологиялық тұрғыдан толық қалпыңызға келіп үлгердіңіз бе? Бұл жағдай Олимпиададағы өнеріңізге әсер етті ме?

- Әрине, екі жарыстың арасы өте қысқа болды. Мысалы, 27 қазан күні Будвадағы (Черногория) U19 әлем чемпионатының финалында жұдырықтастым. Ал 7 қарашада Сенегал астанасы Дакарда жасөспірімдер Олимпиадасында бірінші жекпе-жегімді өткіздім. Дегенмен бапкерлеріммен бірге екі жарысқа да бар жағынан дайын болып бардық.

- Африка құрлығында ірі бокс жарыстары жиі өте бермейтінін ескерсек, Дакар қаласы сізге қандай әсер қалдырды? Сенегалдың ауа райы мен климатына бейімделу қиын болған жоқ па?

- Дакар қаласы маған жақсы әсер қалдырды. Африка құрлығында алғаш рет болдым. Халқы өте қонақжай екен. Ауа райы біз үйренген климаттан өзгеше болды. Күн ыстық әрі Атлант мұхитының жағасында орналасқандықтан, ауасы ылғалды. Жалпы, осы сапар мен үшін жақсы тәжірибе болды.

- Жасөспірімдер Олимпиадасына 205 елден үш мыңға жуық спортшы жиналды. Дакарда Олимпиада атмосферасы қаншалықты сезілді? Басқа елдердің спортшыларымен араласып, танысуға мүмкіндік болды ма?

- Олимпиаданың атмосферасы ерекше. Әлемнің көптеген елінен келген спортшылармен танысып, араласуға мүмкіндік болды. Әр елдің спортшылары өздерінің мәдениеті мен дәстүрін таныстырды. Бұл жарыс тек спорт жағынан емес, өмірлік тәжірибе жағынан да көп нәрсе берді.

- Бұл Олимпиада жастар арасындағы соңғы ірі жарысыңыз болды ма? Енді ересектер боксына ауысуды жоспарлап отырсыз ба? Жаңа деңгейдегі бәсекеге қаншалықты дайынсыз?

- Иә, бұл Олимпиада ойындары мен үшін жастар арасындағы соңғы жарысым. Ересек арасындағы жарыстарға 100% дайынмын. Ересектер санатында ба өзімнің бірінші нөмерлі боксшы екенімді көрсетемін.

- Алдағы уақытта 70 келі салмақ дәрежесінде қалуды жоспарлайсыз ба? Әлде салмақ ауыстыру ойыңызда бар ма?

- Ағзамның өсуіне байланысты, енді болашақта 75 келіде жұдырықтасуды жоспарлап отырмын.

- Әлеуметтік желіде Төрехан Сабырханның сіздің жекпе-жектеріңізді назардан тыс қалдырмай, үнемі қолдау білдіретінін байқаймыз. Онымен қарым-қатынасыңыз қандай? Төрехан сізге қандай да бір кеңес беріп тұра ма?

- Төреханмен қарым-қатынасымыз жақсы. Менен 2 жас қана үлкен болса да, Қазақстанның көк туын әлемге танытып үлгерді. Маған әрдайым қолдау білдіреді. Жекпе-жектерімді көріп, жақсы сөздерін айтып жатады. Осындай қолдау маған мотивация береді. Мен де оның жетістіктеріне қуанып жүремін.

- Бір жылдың ішінде әлем чемпионаты мен жасөспірімдер Олимпиадасының финалына шықтыңыз. Дегенмен екі жарыста да алтын жүлдеге бір қадам жетпей қалдыңыз. Бұл нәтижелер сізге қандай сабақ болды? Өзіңіздің қай тұсыңызды әлі де жетілдіру қажет деп ойлайсыз?

- Әрине, екі үлкен жарыстың финалында алтыннан айырылып қалу оңай емес. Бірақ мен мұны жеңіліс деп қана қабылдамаймын. Үлкен тәжірибе деп есептеймін. Бұл нәтижелер маған әлі де көп жұмыс істеу керектігін көрсетті. Әсіресе тактика, жылдамдық және жекпе-жек кезіндегі шешім қабылдау жағынан дамуым керек. Менің басты мақсатым - алдағы уақытта әлем және Олимпиада чемпионы атану. Бұнымен тоқтап қалмаймын.