Сауда және интеграция министрлігі мен тауар бағаларын салыстыруға арналған arzan.kz цифрлық сервисі ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды, деп хабарлайды Elordainfo.kz ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Министрліктің мәліметінше, бірлескен жұмыс халыққа тауар бағалары мен жеңілдіктер туралы ақпараттың қолжетімділігін арттыруға, тиімді сауда жасау мәдениетін қалыптастыруға және баға мониторингінің цифрлық құралдарын жетілдіруге бағытталған.
Қазіргі уақытта arzan.kz платформасы 7 қалада жұмыс істейді. Сервис арқылы 18-ден астам сауда субъектісі ұсынған 220 мыңнан астам тауардың бағасын салыстыруға болады.
«Платформа тұтынушыларға қажетті тауарлардан өз себетін құрастыруға, олардың әртүрлі дүкендердегі бағаларын салыстыруға, қолданыстағы жеңілдіктермен танысуға және ең тиімді ұсынысты таңдауға мүмкіндік береді. Осылайша, азаматтар сатып алуды алдын ала жоспарлап, отбасылық бюджетін үнемдей алады.
Ынтымақтастық аясында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына ерекше назар аударылады. Платформада олар арнайы белгімен көрсетілген. Нәтижесінде тұтынушылар әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын басқа өнімдерден оңай ажырата алады», делінген хабарламада.
Сонымен қатар, сервисте тұтынушылардың құқықтарын қорғау, сауда жүргізу қағидасы және сауда үстемесін қолдану тәртібіне қатысты қолданыстағы заңнама нормаларына сілтемелер орналастырылады. Бұл азаматтарға құқығын жақсырақ білуге және қандай тауарларға сауда үстемесін мемлекеттік реттеу қолданылатынын түсінуге көмектеседі.
Еске сала кетсек, 2027 жылғы қаңтардан бастап әлеуметтік қолдаудың пилоттық жобасы іске қосылады.