Header Banner

Салықтық әкімшілендіру, цифрландыру және бизнеспен диалог: Астаналық кірістер департаменті жұмысының негізгі нәтижесі

Салықтық әкімшілендіру, цифрландыру және бизнеспен диалог: Астаналық кірістер департаменті жұмысының негізгі нәтижесі
Фото: Астана қаласының Мемлекеттік кірістер департаменті

Астана қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің жұмысында қандай өзгерістер болып жатқаны, бюджетке түсетін түсімдердің өсуіне қандай факторлар әсер етіп отырғаны және салық төлеушілермен өзара іс-қимыл сапасын арттыру бағытында қандай шаралар қабылданып жатқаны туралы департамент басшысының орынбасары Азамат Нұрлыбеков айтып берді, деп хабарлайды Elordainfo.kz мекеменің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

- 2026 жылдың 10 айындағы департамент жұмысының қорытындысын қалай бағалауға болады?

- Департаменттің негізгі қызметі бюджетке түсетін түсімдердің тұрақтылығын қамтамасыз етуге, салықтық әкімшілендіруді жетілдіруге және мемлекеттік қызметтердің сапасы мен тиімділігін арттыруға бағытталған.

Есепті кезеңде республикалық бюджетке 1 триллион 963 миллиард 800 миллион теңге көлемінде түсім түсті. Белгіленген жоспар 100,4%-ға орындалды. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда бюджетке түскен түсім көлемі 617 миллиард 700 миллион теңгеге немесе 45,9%-ға артты.

Түсімдердің негізгі өсімі Қазақстан аумағында өткізілген тауарлар, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерге салынатын қосылған құн салығы бойынша 356 миллиард 200 миллион теңгені, корпоративтік табыс салығы бойынша 129 миллиард 900 миллион теңгені, импортталатын тауарларға салынатын қосылған құн салығы бойынша 92 миллиард теңгені, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерден импортталған тауарларға салынатын қосылған құн салығы бойынша 56 миллиард 900 миллион теңге болды.

Жергілікті бюджетке 1 триллион 11 миллиард 400 миллион теңге көлемінде түсім түсті. Жоспардың орындалуы 97%. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда түсім көлемі 83 миллиард 400 миллион теңгеге немесе 9%-ға өсті.

Өсімнің басым бөлігі жеке табыс салығы есебінен қамтамасыз етілді. Атап айтқанда, төлем көзінен салық салынбайтын табыс бойынша 82,3 млд теңге, ал төлем көзінен салық салынатын табыстар бойынша 18,6 млрд теңге көлемінде өсім тіркелді.

Осылайша, есепті кезең қорытындысы бойынша республикалық және жергілікті бюджеттерге түсетін түсімдердің оң динамикасы қамтамасыз етілді.

Сонымен қатар, бюджет көрсеткіштерін орындаумен қатар, мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру, цифрлық сервистерді кеңінен қолдану және салық төлеушілермен өзара іс-қимыл тетіктерін жетілдіру де маңызды бағыттың бірі болды.

- Салық органдарының жұмысындағы қандай өзгерістер азаматтар мен бизнес өкілдері үшін барынша байқалады?

- Ең алдымен, бұл – цифрлық құралдарды дамыту және мемлекеттік қызметтерді алудың қолайлы форматтарына көшу. Электронды сервистер жүйелі түрде жетілдіріліп, жекелеген рәсімдер оңайлатылып, қашықтан өзара іс-қимыл жасау мүмкіндігі кеңейтіліп жатыр.

Сонымен қатар, салықтық бақылау тәсілдері де өзгеруде. Бұл ретте талдамалық жұмысқа, тәуекелдерді бағалауға және құқық бұзушылықтардың алдын алуға басымдық беріліп отыр. Мұндай тәсіл нақты тәуекелдер мен түйткілді мәселелерге назар аударып, мақсатты әрі жүйелі жұмыс жүргізуге мүмкіндік береді.

- Салық төлеушілермен және кәсіпкерлік қоғамдастық өкілдерімен өзара іс-қимыл қалай жүзеге асырылады?

- Департамент кәсіпкерлермен тұрақты түрде кездесу, тақырыптық семинар, дөңгелек үстел мен консультациялар өткізеді. Сонымен қатар, бизнес бірлестіктердің, кәсіби қауымдастықтар мен қоғамдық ұйымдардың өкілдерімен де тығыз байланыс орнатылған.

Бұл ретте салық заңнамасындағы өзгерістерді, салық есептілігін ұсыну тәртібін, салық міндеттемесін орындау және электронды сервистерді пайдалану мәселесін түсіндіруге ерекше назар аударылады.

Біздің ұстанымымыз – салық төлеушілердің қажетті ақпаратты уақтылы алуына және міндеттесін артық қиындықсыз орындауына жағдай жасау. Мұндай тәсіл құқық бұзушылықтың алдын алуға және мемлекет пен бизнес арасындағы сындарлы өзара іс-қимылды қалыптастыруға мүмкіндік береді.

- Департаменттің алдағы қызметінің негізгі бағыттары қандай болмақ?

- Алдағы уақытта бюджетке түсетін түсімдердің толықтығын қамтамасыз етуге, көлеңкелі экономиканы қысқартуға, салықтық әкімшілендірудің тиімділігін арттыруға және цифрлық трансформацияны одан әрі дамытуға басымдық беріледі.

Сонымен қатар, кәсіпкерлік қауымдастығымен бірлесіп, құқық және салық сауатын арттыруға, салық төлеушілерді уақтылы ақпараттандыруға және құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған жүйелі жұмыс жалғасын табады.

Мемлекеттік кіріс органдары жұмысының тиімділігі бюджетке түсетін түсімдердің көлемімен ғана емес, салықтық әкімшілендіру сапасымен, салық төлеушілермен өзара іс-қимылдың ашықтығымен және кәсіпкерлік қызмет үшін тең жағдайлар жасаумен де айқындалады. Алдағы қызметіміздің негізінде дәл осындай кешенді тәсіл жатыр.

Аталған жұмыс Мемлекет басшысының Жолдауында айқындалған экономиканы дамыту, экономикалық процестердің ашықтығын арттыру және мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру жөніндегі басымдықтарға сәйкес келеді.