Астанада техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының студенттері арасында «Тәуелсіздік – теңгесі» атты қалалық интеллектуалдық ойын өтті. Танымдық сайыс Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығына арналды, деп хабарлайды Elordainfo.kz тілшісі.
Іс-шараны Астана қаласы әкімдігінің Балаларға қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығы «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында, «SMART BALA» жобасы шеңберінде ұйымдастырды.
Зияткерлік сайысқа Сарыарқа ауданына қарасты бес колледждің студенттері қатысты. Әрқайсысы 5–6 студенттен құралған командалар бес кезең бойынша өзара бақ сынады.
Қатысушылар «Тәуелсіздік шежіресі», «Теңге – тәуелсіздік нышаны», «Астана – арман қала», «Қаржылық сауаттылық» және «Ойлан, тап!» кезеңдерінде білімдерін ортаға салды. Олар еліміздің тәуелсіздік тарихы, ұлттық валютаның қалыптасуы, теңгенің экономикалық маңызы мен елорданың даму жолына қатысты сұрақтарға жауап берді.
Бұған қоса, студенттер отбасылық бюджетті жоспарлау, қаражатты тиімді пайдалану және қаржылық алаяқтықтан қорғану бойынша практикалық тапсырмаларды орындады. Шығармашылық кезеңде жасанды интеллект технологияларын пайдаланып, тәуелсіздік жетістіктерін дәріптейтін бейнероликтер әзірледі. Сондай-ақ Астананың тарихы мен болашағына арналған авторлық өлеңдер мен әндерін ұсынды.
Екінші курс студенті Арсен Тұрлыбековтің айтуынша, ұлттық валюта – мемлекеттің экономикалық тәуелсіздігінің маңызды нышандарының бірі.
«Ұлттық валюта – белгілі бір елдің қолданыстағы ақша бірлігі. Қазақстанда ол теңге деп аталады. Теңге – тәуелсіз еліміздің дамуына ықпал ететін маңызды экономикалық құрал», – деді ол.
Ал екінші курс студенті Мансұр Әбілкәрім жасанды интеллект технологияларының маңыздылығына тоқталды.
«Қазіргі таңда жасанды интеллектінің пайдасы зор. Ол еліміздің дамуына үлес қосады деп ойлаймын. Бұл технологияны меңгерген адам болашақта үлкен жетістіктерге жете алады», – деді студент.
Ұйымдастырушылардың сөзінше, интеллектуалдық ойынның негізгі мақсаты – жастардың бойында отансүйгіштік сезімді қалыптастыру, ұлттық тарих пен құндылықтарға құрметті арттыру және қаржылық сауаттылықты дамыту.
«Бүгінгі сайысқа Сарыарқа ауданына қарасты бес колледждің студенттерін шақырдық. Осындай ойындар жастардың ізденісін, білімге деген қызығушылығын арттырады. Тарихқа тереңірек үңілуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар студенттер бір-бірімен пікір алмасып, өзара бәсекеге түседі», – деді Жоғары көлік және коммуникация колледжінің директордының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Бота Сайранкөк.
Айта кетейік, мұндай танымдық шаралар студенттердің тарихи білімін кеңейтіп қана қоймай, сыни ойлау, жылдам шешім қабылдау және командалық жұмыс дағдыларын дамытуға бағытталған.













