Header Banner

Астанада Еркебұлан Дайыров пен Асан Мәжит жастармен кітап оқудың маңызы туралы пікір алмасты

Астанада Еркебұлан Дайыров пен Асан Мәжит жастармен кітап оқудың маңызы туралы пікір алмасты
Фото: Сұлтан Сейіт

«Кітап оқитын ұлт» жобасы аясында Астанадағы М. Әуезов атындағы қалалық кітапханада театр және кино актерлері Еркебұлан Дайыров пен Асан Мәжиттің қатысуымен «Жұлдызды кітапханашы» кездесуі өтті. Бұл басқосуда өнер иелері кітап оқудың шығармашылықтағы рөлі, ұлттық құндылық пен жастардың рухани дамуы туралы ой бөлісті, деп хабарлайды Elordainfo.kz тілшісі.

Кітапханада өткен кездесуге Қазақ ұлттық өнер университеті мен Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің шығармашыл жастары қатысты. Кездесу «Адал азамат», «Заң мен тәртіп», «Еңселі Елорда» және «Таза Қазақстан» бағыттарын қамтыды.

Басқосу барысында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Еркебұлан Дайыров кітапқа деген қызығушылығының бала кезден қалыптасқанын еске алды. Актердің айтуынша, интернет пен әлеуметтік желі болмағандықтан, ауылдағы балалардың негізгі ақпарат көзі кітапхана еді.

Өнер иесі алғаш оқыған кітаптарының қатарында «Қазақ халық ертегілері», «Әлем халық ертегілері» мен батырлар жырын атады. Ал тұтас оқып шыққан алғашқы романы Бердібек Соқпақбаевтың «Балалық шаққа саяхат» шығармасы болғанын жеткізді.

«Біздің ауылда кітаптың қадірі өте жоғары еді. Кітапханаға бару үшін кезекке тұратын кездеріміз болды. Кейін Алматыдағы үлкен кітапханаларға барғанымда, ондағы кітаптың көптігіне таңғалатынмын. Бір адамның өмірі сол кітаптардың бәрін оқуға жете ме деп ойлайтынмын. Күні бойы кітапханада отырып, әдеби және тарихи шығармаларды оқитынбыз. Кітап менің дүниетанымымның қалыптасуына үлкен әсер етті», – деді Еркебұлан Дайыров.

Актер кітап оқудың шығармашылық мамандық иелері үшін де маңызы зор екенін атап өтті. Оның пікірінше, сахнада белгілі бір тарихи тұлғаның немесе әдеби кейіпкердің бейнесін сомдау үшін сол адамның өмірі мен дәуірін терең зерттеу қажет. Бұл ретте кітаптың берері мол.

«Мәселен, Абайдың бейнесін сомдайтын болсақ, ол туралы жазылған еңбектерді оқып, ақынның дүниетанымымен танысуымыз керек. «Абай жолын» бір рет оқығанда түсінбеген дүниелеріңді қайта оралғанда басқаша қабылдайсың. Кітапты қайталап оқыған сайын адамның ойы да өзгереді. Интернеттен алынған ақпарат көбіне қысқа әрі үстірт келеді. Ал кейіпкердің болмысын терең түсіну үшін оның өмірін, күнделіктерін, сол кезеңнің тарихын зерттеу керек», – деді ол.

Сондай-ақ Еркебұлан Дайыров әріптестері арасында кітапты тұрақты оқитын өнер адамдары аз емес екенін айтып, олардың шығармашылық ізденісіне білім мен әдебиеттің ықпал ететінін жеткізді.

Ал театр және кино актері Асан Мәжит кітап оқудың адамның ой-өрісін дамытудағы рөліне тоқталды. Оның айтуынша, мектеп қабырғасында әдебиет пәнінің мұғалімі кітапқа деген қызығушылығының артуына ықпал еткен. Саналы түрде өзі оқыған алғашқы шығармалардың бірі – «Махаббат, қызық мол жылдар» романы.

«Біздің кәсібіміз кітаппен тікелей байланысты. Өйткені актер үшін ең алдымен ой-өрісті дамыту маңызды. Кейіпкердің мінезін, ішкі әлемін түсіну үшін көп ізденіп, түрлі әдеби шығармаларды оқу қажет. Біз әлеуметтік желі болмаған кезеңде өстік. Сондықтан дүниені кітаптан іздедік. Қазіргі жастардың арасында кітап оқуға қызығатындар көп екені қуантады», – деді Асан Мәжит.

Сондай-ақ Астана қаласы әкімдігінің «Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры Гүлбадан Мәдибаева «Жұлдызды кітапханашы» жобасының мақсаты мен жүзеге асырылу барысы туралы айтып берді.

Оның сөзінше, «Жұлдызды кітапханашы» жобасы биыл маусым айында басталған. Негізгі мақсат – танымал тұлғалардың ықпалы арқылы қоғамда кітап оқу мәдениетін қалыптастыру және елорда кітапханаларының мүмкіндіктерін кеңінен таныту.

«Біз танымал адамдарды кітапханаларға шақырып, оларды бір күнгі «Жұлдызды кітапханашы» рөліне ұсынамыз. Әр қонақпен кездесуді әртүрлі форматта ұйымдастыруға тырысамыз. Бірі оқырмандарға қызмет көрсетсе, енді бірі сұхбат беріп, кітап туралы ой бөліседі. Танымал тұлғалардың әлеуметтік желідегі аудиториясы да үлкен. Олар кітапхана туралы ақпаратты оқырмандарына жеткізу арқылы кітап оқуды насихаттауға үлес қоса алады», – деді Гүлбадан Мәдибаева.

Сондай-ақ, ол елордада 25 кітапхана жұмыс істейтінін, олардың жалпы кітап қоры 600 мыңға жуық екенін атап өтті. Жоба аясында бұған дейін журналист әрі тележүргізуші Айгүл Мүкей, әнші Тамара Асар, журналист Дана Нұржігіт және басқа да танымал тұлғалар кітапхана қонағы болған.

Алдағы уақытта жобаға әдебиет саласының өкілдерін, ақын-жазушыларды тарту жоспарланып отыр. Бұл бағытта Астана қаласындағы Жазушылар одағымен бірлесіп жұмыс жүргізу көзделген.

Айта кетейік, «Жұлдызды кітапханашы» жобасы кітапханаларды білім мен мәдениет тоғысқан, шығармашылық және еркін пікір алмасуға мүмкіндік беретін заманауи қоғамдық кеңістік ретінде танытуға бағытталған. Бастама жастардың кітапқа қызығушылығын арттырып, оқырман мен танымал тұлғалар арасындағы мазмұнды диалогты дамытуға мүмкіндік береді.