Бүгін, 13 қарашада сағат 10:28-де Ақтөбеде Тәуелсіздік даңғылы, 14/1 мекенжайындағы бес қабатты тұрғын үйдің бірінші қабатында орналасқан кафеде газ-ауа қоспасы жарылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz ТЖД-ға сілтеме жасап.
Ведомствоның мәліметінше, оқиға салдарынан кафенің жапсарлас салынған құрылысы опырылып түсіп, артынан өрт шыққан. Сондай-ақ жарылыс толқыны тұрғын үйдің терезе жақтауларына зақым келтірді.
Екі адам зардап шекті. Жедел медициналық жәрдем бригадасы оларды ауруханаға жеткізді. Қаза тапқандар жоқ.
Оқиға орнына келген өрт сөндірушілер өртті сағат 10:53-те толық сөндірді.
Оқиға салдарын жоюға ТЖД-ның 45 қызметкері мен 10 техникасы жұмылдырылды. Оқиға орнында Ақтөбе облысы ТЖД бастығы бар.
Оқиғаның себептері мен мән-жайы анықталып жатыр.
Еске салайық, бұған дейін Атырауда Sulpak дүкенінің қазандығында жарылыс болғаны туралы жаздық.