Германияның Халықаралық ынтымақтастық жөніндегі қоғамы (GIZ) бағдарламаларының жетекшісі Каролина Милов Қазақстанда Су ресурстарының ұлттық ақпараттық жүйесін (СРҰАЖ) әзірлеу бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға жоғары баға берді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Су ресурстары және ирригация министрлігіне сілтеме жасап.
Астанада Су ресурстары ақпараттық-талдау орталығының Ситуациялық орталығының ашылуында орталық мамандары жүйенің мүмкіндіктерін таныстырды. Бейнеқабырғада су нысандарының цифрлық картасы және Шардара су қоймасының үш өлшемді моделі көрсетілді. Онда су көлемі мен деңгейі, су ағыны, су жіберу көрсеткіштері және су қоймасының толу динамикасы туралы мәліметтер қамтылған.

«Біздің қолдауымыздың нақты нәтижесін көріп отырғанымызға қуаныштымыз. Әріптестеріміз ұсынылған ресурстарды тиімді пайдаланып, оларды басқа ұйымдардың бастамаларымен ұштастырып, бастапқыда жоспарланған нәтижеден де жоғары жетістіктерге қол жеткізіп отыр. Әсіресе су ресурстарын басқару саласында еңбек етіп жүрген мамандардың кәсібилігі мен әлеуетін ерекше атап өткім келеді», - деді Каролина Милов.
Сонымен қатар сарапшы Су ресурстары және ирригация министрлігінің мектептерде депутаттар мен елшілердің қатысуымен су үнемдеу тақырыбында экологиялық сабақтар өткізу бастамасын қолдады. Экологиялық сабақтарға 3,3 миллионнан астам оқушы мен 35 мың студент қатысты.
«Бір-бірімізден үйреніп, басқа елдердің тәжірибесімен танысу маңызды. Шақырылған спикерлер бөлісетін нақты мысалдар сабақтардың мазмұнын байытып, оқушылар үшін қызықты әрі танымды ете түседі», - деді Каролина Милов.