Header Banner

Қытайда қазақстандық су мамандарына арналған оқу басталды

Бүгін, 10:58
Думан Аманжол Думан Аманжол
Қытайда қазақстандық су мамандарына арналған оқу басталды

Су ресурстары және ирригация министрлігі мен China Energy International Group компаниясының ынтымақтастығы аясында Қытайда «Ақылды су шаруашылығы» атты жаңа бағдарлама бойынша еліміздің 14 маманынан тұратын алғашқы топтың оқуы басталды, деп хабарлайды Elordainfo.kz министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мамандар Қытайдың гидротехникалық құрылыстарды салу және пайдалану, сондай-ақ су ресурстарын басқаруда цифрлық технологияларды қолдану тәжірибесін зерделеп жатыр. Сонымен қатар ірі гидротехникалық құрылыстарды пайдалану мен басқару жүйесімен танысу үшін «Үш шатқал» және «Гэчжоуба» гидротораптарына бару жоспарланған.

Бұдан бөлек, Қытайда «Қазсушар» РМК мен Power China International Group Limited компаниясы арасындағы өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандум аясында су саласының қазақстандық тоғыз маманынан тұратын үшінші топтың оқуы өтіп жатыр. Оқу шығындарын Қытай тарапы қаржыландырады.

Семинар суды тазартудың заманауи технологияларын және су ресурстарын тиімді пайдалану тәсілдерін зерделеуге бағытталған. Оқу Сучжоу ғылым және технологиялар университетінде өтеді. Сонымен қатар Қытай кәсіпорындарының практикалық тәжірибесін зерттеу үшін Ханчжоу мен Шанхай қалаларына сапарлар ұйымдастыру көзделген.

«Мамандарды даярлау кезінде су шаруашылығы саласының алдында тұрған бүгінгі міндеттерді ескеру маңызды. Қытайдағы оқу бағдарламалары суды тазартудың заманауи технологияларын, цифрлық шешімдерді және ірі гидротехникалық құрылыстарды пайдалану тәжірибесін зерделеуге мүмкіндік береді. Біздің міндетіміз – алған білімді Қазақстандағы су ресурстарын басқару тиімділігін арттыру үшін пайдалану», - деді Су ресурстары және ирригация вице-министрі Талғат Момышев.

Бұған дейін, мамыр айында Қазақстанның су саласының 34 маманы су ресурстарын кешенді басқару бойынша оқудан өткен болатын. Жалпы, соңғы екі жылда Қытайда 206 қазақстандық су маманы білімін жетілдірді. Оның ішінде 2025 жылы 125 маман, ал 2026 жылы Power China бағдарламасы бойынша 67 маман және China Energy International Group бағдарламасы бойынша 14 маман оқудан өтті.

Су ресурстары және ирригация министрлігі мен Қытайдың Power China және China Energy International Group компаниялары 2027 жылы да мамандарды бірлесіп қайта даярлау жұмыстарын жалғастыруды жоспарлап отыр.

Еске салсақ, Қызылқұм магистральды каналын реконструкциялау қайта жанданды.