Header Banner

Таеквондошы Любовь Юн жасөспірімдер Олимпиадасының қола жүлдегері атанды

Таеквондошы Любовь Юн жасөспірімдер Олимпиадасының қола жүлдегері атанды
Фото: ҰОК

Қазақстандық таеквондошы Любовь Юн Сенегалдың Дакар қаласында өтіп жатқан IV жазғы жасөспірімдер Олимпиадасында қола медаль жеңіп алды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ұлттық Олимпиада комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қазақстан құрамасының өкілі 63 келіден жоғары салмақ дәрежесінде сынға түсті.

Жартылай финалда Любовь Юн Сербия спортшысы Эма Зечировичпен кездесіп, 0:2 есебімен жеңілді. Бірінші раундта қазақстандық таеквондошы 4:18, екінші раундта 4:14 есебімен қарсыласына есе жіберді.

Жарыс ережесіне сәйкес, жартылай финалда жеңілген екі спортшы да қола медаль иеленеді. Осылайша, Любовь Юн жасөспірімдер Олимпиадасын үшінші орынмен аяқтады.

Айта кетейік, қазақстандық спортшы жартылай финалға дейін екі қарсыласын жеңген болатын. Алғашқы кездесуінде ол Норвегия спортшысы Сара Наташа Фемер-Педерсеннен 2:0 есебімен басым түссе, ширек финалда Бразилия спортшысы Рафаэла Мейреллес да Костаны дәл осындай есеппен жеңді.

Осы нәтижеден кейін Қазақстан құрамасының қоржынындағы медаль саны төртке жетті.

Бұған дейін дзюдошы Фатима Сұпығалиева (52 келіге дейін) мен велошабандоз Әнел Тәшбай алтын медаль жеңіп алса, триатлоншы Рамазан Әйнегов қола жүлдегер атанған еді.

Еске сала кетейік, Геннадий Головкин Дакарда қазақстандық жас спортшылармен кездескені хабарланған еді.