Header Banner

Жеңгетайлықпен айналысқан трансұлттық топтың мүшесі Грузиядан экстрадицияланды

Бүгін, 09:25
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Жеңгетайлықпен айналысқан трансұлттық топтың мүшесі Грузиядан экстрадицияланды
Фото: видеодан скриншот/Бас прокуратура

Өзбекстан Республикасының азаматшасы ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысқаны және жеңгетайлық жасағаны үшін қылмыстық жауаптылыққа тарту мақсатында Грузиядан экстрадициялады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Бас прокуратураға сілтеме жасап. 

Тергеу барысында аталған азаматшаның ұйымдасқан қылмыстық топтың өзге де мүшелерімен бірлесіп, жезөкшелікпен айналысатын және сексуалдық сипаттағы өзге де қызметтер көрсететін тұлғалардан «Kyzdar.net» интернет-ресурсында орналастырылған сауалнамаларының шоттарын толықтыруға өтінімдер қабылдап, олардың сексуалдық қызметтерін ілгерілету және жарнамалау мақсатында жүзеге асырғаны анықталған.

Сонымен қатар, топ мүшелері түскен қаражаттан комиссиялық сыйақыны ұстап қалып, қалған соманы сайт әкімшілеріне аударып отырған. Осылайша, жеңгетайлыққа бағытталған заңсыз схеманың тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз еткен.

Қазіргі таңда ұйымдасқан қылмыстық топтың бірқатар мүшесі әртүрлі мерзімге бас бостандығынан айырылған. Ал оның жекелеген мүшелері, оның ішінде күдікті де қылмыстық қудалау органдарынан жасырынып, халықаралық іздеуге жарияланған.

Ағымдағы жылдың шілде айында ол Грузия аумағында ұсталып, ол жерден Бас прокуратураның сұрауы бойынша Қазақстанға берілді.

«Қазіргі уақытта күдікті тергеу изоляторына қамалды. Оған тағылған қылмыстарды жасағаны үшін мүлкі тәркіленіп, 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген», - делінген хабарламада.