Екібастұз өңірінде 40 шақты қой-ешкі ұрлаған бір топ адам ұсталды

Екібастұз өңірінде 40 шақты қой-ешкі ұрлаған бір топ адам ұсталды
Фото: ІІМ

Криминалдық полиция қызметкерлері Екібастұз өңірінде 40 басқа жуық ұсақ мал ұрлығына қатысы бар деген күдікпен бір топ адамды ұстады, деп хабарлайды Elordainfo.kz ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Күдіктілер өңір тұрғындарының малын ұдайы ұрлап келген. Бірнеше ай ішінде олар көптеген мал ұрлығын жасаған. Олар көбінесе қой-ешкіні қолды қылған.

– Барлық күдіктінің аты-жөні анықталды. Олар осы өңірдің тұрғындары екені белгілі болды. Тінту жүргізу кезінде төрт ұсақ мал және қылмыс жасауға пайдаланылған өзге де заттар табылып, тәркіленді, – дейді Павлодар облысы полиция департаментінің Криминалдық полиция басқармасы бастығы Жасұлан Таңжанов.

Төрт күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта тергеу амалы жүргізіліп жатыр.

Полиция әрбір факті бойынша кінәлілерді анықтау, оларды қылмыстық жауапкершілікке тарту және ұрланған малды қайтару бағытында шара қабылдап жатыр. 

Бұдан бөлек, күдіктілердің осыған ұқсас басқа да қылмысқа қатысы бар-жоғын тексеріп жатыр.

Тергеуді полиция департаменті басшылығы жеке бақылауына алды.