Елімізде 746 канал реконструкцияланып жатыр

Елімізде 746 канал реконструкцияланып жатыр
Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі

Елімізде жалпы ұзындығы 4,6 мың шақырымнан асатын 746 каналды реконструкциялау жүргізіліп жатыр. Биыл 964 шақырым каналды жөндеу жұмысын аяқтау жоспарланған. Бұл шамамен 200 мың гектар суармалы жердің сумен қамтамасыз етуді жақсартуға мүмкіндік береді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Су ресурстары және ирригация министрлігіне сілтеме жасап.

Ведомствоның мәлімдеуінше, ирригация желілерін реконструкциялау және жаңғырту суды тасымалдау кезіндегі шығынды азайтуға бағытталған. Сонымен қатар бірқатар жоба аясында автоматтандыру элементін енгізу көзделген. Бұл су ресурсының нақты есебін жүргізуге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ, 12 гидротехника құрылысын реконструкциялау қолға алынып, жалпы сыйымдылығы 887 миллион текше метр болатын бес су қоймасы салынып жатыр. Сондай-ақ 142 елді мекенді сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында 12 ауыз сумен жабдықтау нысанының құрылысы қолға алынған.

«Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында ауыл шаруашылығында суды барынша тиімді пайдалану қажеттігіне ерекше назар аударды. Су шаруашылығы инфрақұрылымын дамыту су ресурстарын үнемдеуге ықпал етеді. Бұл, әсіресе, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің басым бөлігі шоғырланған оңтүстік өңірлер үшін маңызды. Реконструкцияланып жатқан нысандарда судың есебін нақты жүргізу мақсатында автоматтандыру элементтері енгізіліп жатыр», - деді Су ресурстары және ирригация вице-министрі Жандос Сәлімов.

Еске сала кетсек, Президент биылғы Жолдауында «жаңа алқаптарды игеру кезінде су үнемдеудің озық тәсілдерін және агрохимиялық технологияларды қолдану аса маңызды екендігін» атап өткен еді.