Семей қаласында Владимир Лениннің ескерткішінің қазіргі жағдайына қатысты мәселе көтерілді. Қала тұрғындары оның құлау қаупі болуы мүмкін екеніне алаңдаушылық білдірген, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Әлеуметтік желіде тараған ақпаратқа сәйкес, қала әкімінің кеңесшісі, қоғам белсендісі Серік Байғалиевке егде жастағы тұрғындар жүгініп, Жамақаев көшесіндегі скверде орналасқан Ленин ескерткішінің техникалық жағдайына назар аударуды сұраған.
Тұрғындардың пікірінше, ескерткіштің қазіргі жай-күйі алаңдаушылық туғызады. Өйткені оның құлауы жаяу жүргіншілердің өмірі мен денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін.
Осы мәселеге байланысты қала әкімдігі мәлімдеме жасады.
«Қазіргі уақытта аталған ескерткіштің техникалық жағдайына тексеру жүргізіліп жатыр. Тексеру нәтижесі бойынша тиісті акт жасалып, соның негізінде қажетті шаралар айқындалып, қабылданады», – деп хабарлады Семей әкімдігі.
Еске салсақ, Шығыс Қазақстан облысында Түрік қағанатының қалашығы табылған болатын.