«Әділет» партиясының өкілдері «Жансая» орталығының қызметкерлерімен кездесті

«Әділет» партиясының өкілдері «Жансая» орталығының қызметкерлерімен кездесті
Фото: «Әділет» партиясы

Астанада «Әділет» партиясының өкілдері «Жансая» әлеуметтік қызмет көрсету орталығының ұжымымен кездесіп, ерекше қажеттіліктері бар балаларды қолдау және олардың өмір сапасын жақсарту мәселелерін талқылады. Сондай-ақ жиында партияның елорданы дамытудың 2026-2031 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасы таныстырылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Кездесуге партиялық тізім бойынша ұсынылған кандидаттар – Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшесі, «Әкелер одағы» ұйымының елордалық филиалының төрағасы Бекдайыр Күзембай мен Қоғамдық кеңес мүшесі Олжас Даулетхан, сондай-ақ №9 сайлау округі бойынша мәслихат депутаттығына кандидат, «АстанаГражданСтрой» ЖШС директоры Александр Слободяник қатысты.

Олжас Даулетхан партияның Астана қаласы бойынша 2026-2031 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттарын таныстырды. Оның айтуынша, бағдарлама бес негізгі мақсат пен он басым бағытты қамтиды. Олардың қатарында қолжетімді тұрғын үй, денсаулық пен ұзақ өмір сүру, орта бизнесті дамыту, тұрақты жұмыспен қамту және жаңа экономиканы қалыптастыру бар.

«Бағдарламаның маңызды бағыттарының бірі – әлеуметтік ынтымақ. Осы бағыт аясында Астанада жыл сайын әлеуметтік осал топтарға жататын 12 мың адамды қамтып, олардың кәсіби біліктілігі мен кәсіпкерлік дағдыларын дамытуға арналған іс-шаралар өткізуді көздеп отырмыз», – деді Олжас Даулетхан.

Бекдайыр Күзембай орталық қызметкерлеріне балаларға көрсетіп жүрген қамқорлығы мен еңбегі үшін алғыс білдірді. Ол ерекше балалардың өсіп-жетілуіне жағдай жасау тек мамандардың ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті екенін атап өтті.

«Сіздер ерекше қажеттіліктері бар балаларға қамқорлық көрсетіп, бар мейірімдеріңіз бен жылуларыңызды арнап жүрсіздер. Бұл – үлкен жауапкершілік пен жанашырлықты талап ететін еңбек. Өйткені бұл балалар – еліміздің балалары. Олардың амандығы мен болашағы бәрімізге ортақ», – деді Бекдайыр Күзембай.

Александр Слободяник те орталық ұжымына ризашылығын білдірді. Үш бала тәрбиелеп отырған ол жүзу, жүгіру, футбол сияқты спорт түрлерінің балалардың денсаулығы мен жан-жақты дамуы үшін маңызды екенін атап өтті. Сондай-ақ бүлдіршіндерге осындай мүмкіндік жасап жүрген мамандардың еңбегін жоғары бағалады.

«Осындай күрделі әрі жауапты жұмыстарыңыз үшін шынайы алғысымды білдіремін. Балаларға арнаған әрбір уақытыңыз бен көрсеткен қамқорлықтарыңыздың маңызы зор. Олардың дамуына жағдай жасау арқылы сіздер келер ұрпақтың болашағына үлес қосып жүрсіздер», – деді Александр Слободяник.

Астана қаласы мәслихаты депутаттарының сайлауында партиялық 
тізімді ұсынған «Әділет» партиясы» ҚБ сайлау қорының қаражатынан төленді.